Сырдария және Орал өзендерінде тырысқақ қоздырғышы табылды

Атырау мемлекеттік тазалық-індет басқармасында KZ-today тілшісін сендіргеніндей, қазір мұндағы ахуал қатаң бақылауға алынды. Бүгінгі жағдаймен Орал өзенінің суын тұтынуға шектеу қойылды. Тырысқақ вибрионы табылған өзен мен қалалық жағажай аумағында суда жүзуге, балық аулауға, сондай-ақ, өзен суын тұрмыстық және шаруашылық мақсатта пайдалануға тыйым салынды.

Ал Сырдария өзенінде тырысқақ қоздырғышы су алу қондырғысынан 500 метр жоғарыда және Қорқыт ата ескерткішінің жанындағы каналдан табылды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.
Қызылорда облыстық мемлекеттік жұқпалы ауруларға санитарлық бақылау жасау басқармасы бастығының орынбасары Айқын Бейсенбаевтың айтуынша, тырысқақ вибрионы табылғаннан кейін қалада ашық су қоймаларынан су тұтынуға жедел түрде шектеу шаралары қолданылып, өзенде суға жүзуге тыйым салынды. Сондай-ақ, суландыру арналары бойынша Қызылордаға су жіберуге шектеу қойылды.
Қазіргі жағдаймен ахуал тұрақтанып, шектеу шаралары алып тасталды.
Сонымен бір уақытта суды техникалық дайындау және суды сүзгіден өткізу процестеріне қойылатын бақылау күшейтіліп, ауруға шалдығу мүмкіндіктерін айқындау үшін ауыл-үйлерге аралау жүргізіліп, тексерілді.