Сырттай бөлімде оқитындарға тықыр таянды

Асқар Базылбаев болашақ заңгер. Бірақ білімін сырттай алуда. Әрине, ел қатарлы күндізгі бөлімде, толыққанды дәріс алғысы да келеді. Тек оған жұмыс пен оқуды қатар алып жүруге тіршілігі қолайсыз.

СНХ: Асқар Базылбаев, сырттай бөлім студенті:

-Сырттай бөлім маған өте ыңғайлы. Біріншіден жұмысымды істеп үлгеріп жатырмын, оқуымды да ары қарай жалғастырып жатырмын.

Десе де Асқар тәрізді екі қоянды бір оқпен атуға әр жастың-ақ бар таласы. Әсіресе, мектептен кейін бірығай тесттен сүрініп, мемлекеттік  грантқа қолын жеткізе алмаған. Сондықтан білімсіз қалмаудың бірден бір жолы – сырттай бөлім болғандықтан жастар жаңа реформаның енуіне түбегейлі қарсы. Оларды жоғарғы оқу орынының да жетекшілері қолдап отыр. 

Өмірәлі Қопабаев, Д.А.Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетінің ректоры:

-Орта білім бітіргендерді сырттай бөлімге алмаңдар деген нұсқаулық келіп министрліктен, біз тек қана 4-курс орта біліммен сырттай бөлім бітіріп жатыр. Бірінші, екінші, үшінші курс жоқ. Бүкіл республикада.  Бізде конституцияда айтылған: әркімнің білім алуға құқы бар деп. Сол себептен министрліктің нұсқаулығы заңға қайшы келеді.         

Заңға қайшы болса да Білім министрі осындай әдіспен жемқорлыққа қарсы күреспек. Яғни, сырттай оқуды тек көк қағаздың күшіне сенетіндер көздеп келетінін жоққа шығармайды. Сондықтан Аслан Сәрінжіпов: «Басшы ретінде енді оған тосқауыл жасауға міндеттімін», - дейді. Ал оның жолы – қысқартуда.


Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Бұл жерде астын сызып тұрып айта кетсем, біз сырттай бөлімді толық жаппаймыз. Тек білім сапасын жақсарты үшін санын қысқартамыз. «Диплом сату» деген болмайды. Сырттай бөлім болса да, сапасы жағынан ол күндізгіден кем болмау тиіс.

Осы тұста ескерте кететін бір жайт, сырттай оқу жүйесі толық жойылмайды. Тек мектеп пен колледж бітірген түлектердің түсуіне ғана шектеу жасалмаса, екінші жоғарғы білім алушылар үшін жол ашық. Бүгінде елімізде осындай 150 мыңға жуық студент сырттай бөлімде оқып жатыр.