Сырттан келіп уағыз айтатын шетелдіктер Қазақстанға кіргізілмейді

Сенаттың жалпы отырысына министрлердің бірі қалмай келеді. Үкімет мүшелерінің төрт көзі түгел кезде депутаттар да іштерінде жиналып қалған сын-ескертпелерін жарыса жеткізуге тырысады. Бірақ, бүгін халық қалаулылары әдеттегідей айқайға баспас бұрын алдымен мемлекеттік қауіпсіздікке қатысты заң жобасын қабылдады. Өйткені, елімізге лаңкестер мен экстремистерден келетін қауіп сейілмеген.

Жақып Асанов, Бас прокурордың орынбасары:

-Өткен жылдан бері арнайы органдар 9 террорлық актінің жолын кесті. Мысалы, 2014 жылдың сәуірінде радикал діни идеологияны ұстанушы екі адам Сирияға баруды және ол жақта құқық қорғау органдарына қарсы ұрыс әрекеттеріне қатысуды үгіттеді.

Ал жүзден астам отандасымыз радикалды топтардың қатарына қосылған. Енді Бас прокуратура жүріс-тұрысы күдікті азаматтарды жат елге жібермейтін болды. Тероризм мен экстремизге қарсы қатал шараларды бекітіп берген сенаторлар сыртқы қауіпсіздіктен кейін ішкі әскерге ойысты. Елімізде Ұлттық ұланның сарбаздары ашқұрсақ жүр екен. Ішкі әскерге бір айдан бері бюджеттен бір тиын бөлінбепті.

Ләззат Қиынов, Сенат депутаты:

-Бюджетте ақша жоқ деген жауап масқара ғой. Білмеймін, қандай деңгейдегі адамның солай жауап бергенін. Не болып жатыр өзі?

Қазынадан бөлінетін қаржыға жауапты Бақыт Сұлтанов қысқа қайырды.


Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Бүгін бұл мәселе шешілді, ешқандай кедергі жоқ.

Сенаторлардың  Қаржы министріне қатысты ескертулері мұнымен шектелмеді. Депутаттар Сұлтанов пен Досаев ұзақ уақыттан бері бір орынбасарға таласып жүргенін айтып, сынады. Айтуларынша, қайсысының құзыры кең болса, сол Лена Кармазина деген қызметкерге қожайын екен. 

Қожахмет Баймаханов, Сенат депутаты:

-Жақсы орындаушылар бар. Соның бірі – Кармазина Лена Мағауянқызы деген кісі. Сол кісі төрт рет Экономика министрінің орынбасары, төрт рет Қаржы министрінің орынбасары болды. Досаев  мырза келіп, қайтып алып кетеді, кеше Сұлтанов мырза қайтадан өзіне алды. Сондай жағдай.

-Сондай-ақ, бүгін сенаторлар тағы бір маңызды құжатты қабылдады. Министрлер мен әкімдердің міндеттері белгіленген заңды екі оқылымда қарап, мақұлдап жіберді. Енді ол Елбасының қол қоюына жіберіледі. Айта кетсек, дәл осы құжат Мәжілісте үлкен дау тудырған еді. Ол кезде төменгі палата жемқорлық жайлаған салалардың барлығы әкімдердің қолында кетпек деп қарсылық білдірген болатын.