Жергілікті журналист Шынар Молданиязованың хабарлауынша, 3 маусым күні таң қылаң бере Аят жылап оянады. Анасы Әсем де баласының даусынан оянып, қасында жатқан әкесінің бір жері қатты тиіп кетті ме екен деп уайымдайды. Ұйқыдан оянған соң, Аят насыбайын ауырсынып жылайды. Атасы Болат: «Қане, көрейін» деп қараса, насыбайының ұшы пышақпен тіліп жібергендей, екіге айырылып тұр екен. Балаларына: «Аятты періште сүндеттеп кеткен», - дейді. Мұндайды естіп-көрмеген жас ата-ана аң-таң болады. Аят «сүндеттелген» күні сәл ауырсынып, қызулағанымен, қазір шауып ойнап жүр. Ал Болат Темірғалиевтің әкесі Бақыт атаның, оның арғы ата-бабаларының кісі емдеп, бала қиятын, арқалы, қолы шипалы жандар болғанын ел біледі. Болаттың сөзіне қарағанда, кішкене күнінде өзін де, дүниеден озған ұлы Ерболды да осылай «періштелер сүндеттеп» кеткен екен. «Мұндай оқиға біз үшін таңсық емес. Тұқымымызда үшінші рет орын алып отырған жайт бұл. Аталары шөпшек, неменеміздің денесіне пышақ тимесін деген ниетпен осылай еткен шығар», - дейді. Болат Темірғалиевтің өзі де қазір бала қиып, сынық салады.
Аят 2012 жылы құрбан айт кезінде дүниеге келіп, есімі соған орай Аят деп аталыпты. Алдында екі әпкесі бар. Әжесі Жұмазияның айтуынша, кішкентай Аят әдейілеп ешкім үйретпесе де, астан соң бет сипайды екен.
Отбасында тылсым жайт орын алған соң, Болат Сырым аудандық мешітінің өкіл имамы Армат Кәрімовты шақыртып, шелпек пісіріп, құран оқытты. Енді құдай жолында садақа бермек. «Бұл - тек Алланың қалауымен болған іс. Мұндай оқиға арқылы Аллаһ тағала адамның өресі жетпейтін тылсым күштің барын сездіртіп, азғындап бара жатқан адамдарға ой салғысы келген шығар», - деді имам А.Кәрімов.