Бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Темірхан Досмұханбетов осылай айтты.
«Біздегі тау шаңғысы спортын дамытуға қажетті таулар ешкімде жоқ. Оған қоса бізде Алматы сияқты тау шаңғысы базасына өте жақын қала бар. Еуропада болса қыс мезгілі біздікінен 2-3 айға қысқа. Сондықтан Қазақстанда тау шаңғысы базаларын кеңінен дамыту қажет. Оны Елбасы да атап өтіп, тау шаңғысы базаларын салатын кәсіпкерлерді салықтан босатуды тапсырған болатын. Егер осы тау шаңғысы базасымен айналысатын нақты азаматтар табылса, мен оларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзірмін. Салықтан босатып, құрылыс жұмыстарын жеңілдетуге даярмын. Оның ішінде жаңа құрал-жабдықтарды жеткізу, сондай-ақ озық технологияларды орнату жұмыстарына қолдау көрсетіледі. Бүгінде біз Бурабай курорты аймағын игерудеміз. Осыған байланысты облыс басшылығы бұл жердегі тау шаңғысы трассасын салуды бастауы тиіс»,-деді Т. Досмұханбетов.
Министр атап көрсеткендей, 7- қысқы Азия ойындарынан кейін Қазақстанның тау шаңғысы базаларына деген сұраныс күрт өсті. «Бұл біздің осы саладағы жоғары әлеуетімізді көрсетеді. Демек, осы мәселе бойынша нақты жұмыс істеу қажет»,-деді ол.