Осындай тақырып аясында Алматы қаласында 25-26 қараша айында Эко фестиваль өтті. Соның ішінде қоқысты сұрыптаудың қадамдары жайлы айтқан эко белсенді Меруерт Салықовамен Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасты.
- Меруерт ханым! Бұл салаға қалай келдіңіз?
- Мен бұл салаға келуіме балам себепкер болды. Олай дейтін себебім, үйдегі қоқыстарды тастау барысында батарейканы қоқыс жәшігіне лақтырып жібергенімді көріп қалды. Содан балам «мама, мультфильмде бұны лақтыруға болмайтынын айтты, арнайы орынға утилизацияға өткізу керек» деп өз пікірін айтты. Ол у бөлетін зат болғандықтан, зиянды екенін түсіндік. Сөйтіп, бөтелкеге батарейкаларды жинай бастадық және ақырындап ізденуге кірістім. 1 батарейка шамамен 20 шаршы метр жерді ластайды екен. Арнайы тренингтерге қатысып, білім алдым. Ол жерде бізге алған білімімізбен айналадағы адамдармен бөлісуді үйретті. Сөйте келе, осындай шағын экоблог жүргізе бастадым.
Табиғатымызды аялауда әркім өз деңгейінде жауапкершілік алу керек. Көп адамдар неге үлкен корпорациялар экологияны ойламайды, неге әкімшілік сұрыптауға жағдай жасамайды деген сұрақтар қойып жатады. Менің ойымша әр адам өзінен бастауы қажет. Табиғи заттарға, экодүкендерге, қоқысты сұрыптауға сұраныс көп болуы керек.
Саналы адамға табиғатты не үшін қорғау керектігін айтып, үгіт-насихат айтудың қажеті де жоқ деп білемін. Мен тек өз іс-әрекетіммен үлгі көрсетуді жөн көремін.
Блог жүргізумен қатар, мен кей мектептер мен университеттерде, қоғамдық орталарда лекция оқимын. Солардың бірі жақында болған Өмірфест эковеган фестивалі. Фестивальге арнайы спикер ретінде шақырылдым. Фестиваль жануарларды және қоршаған ортаны қорғау тақырыбында өтті.
- Фестивальде сіздің тақырып қандай болды? Тарқатып айтып берсеңіз
- Экология тақырыбы аясында спикерлер түрлі тақырыпта өз ойларымен, пікірімен, ұсыныстарымен бөлісті. Ол жерде мастер-класстар, табиғи заттар жәрмеңке өтті.
Мен тоқталған тақырып қоқысты сұрыптау болды. Ең біріншіден айтатыным, қоқысты сұрыптау барлық біздің проблемамызды шешетін “ғажайып дәрі” емес. Бірақ экологиялық салтта өмір сүрудің маңызды қадамының бірі. Жалпы бұл тұрғыда маған “zero waste” тұжырымдамасы ұнайды. Ең маңызды мақсат – полигонға кететін қоқысымыздың санын азайту, нөлге жеткізу.
“zero waste” тұжырымдамасының 7 қадамы:
Бірінші қадам – түпсананы өзгерту
Екіншісі – керек емес артық заттардан бас тарту
Үшіншісі – бас тарта алмаған заттарды тұтынуды қысқарту
Төртіншісі – қайта қолдану
Бесіншісі – жөндеу
Алтыншысы – тек осы жерде ҚАЙТА ӨҢДЕУ
Жетіншісі – тамақ қалдықтарын компосттау
Бұл тұжырымдаманы кез-келген сфераға жатқызуға болады. Үйреніп қалған бір қолданып лақтырып жіберетін әдетті жою керек. Мысалға, киімді алып қарайтын болсақ, оны қалай жүзеге асырамыз. Гардеробымызға осыншама киім қажет пе деп, бірінші соны ойлауымыз керек. Джинсы шалбарды алайық. Бес шалбар қажет пе? Бір джинсы шалбарды дайындау үшін кем дегенде жеті мың литр су кетеді. Кейбір мәліметтер бойынша, он бес мың литр деп айтылады. Оның бояулары бар. Ол лас дүниелер өзендерге ағызады. Қоймадан заводқа апарады. Боялған заттарды жуады. Өзен, теңіздерге ағызады. Біз осының барлығын ойлауымыз керек.
Екінші қадам – бас тарту. Яғни, керек емес, артық заттардан бас тарта білуіміз керек. Енді барлық нәрседен бас тарта алмаймыз, адам болған соң өмір сүру керек. Ең алдымен бір реттік қолданатын заттардан бас тарту керек. Қазір бұл заттарға көптеген альтернативтер бар. Ол дүкендегі пакет, бөтелкедегі су, кофе стаканы, балалар жөргегі, әйелдер гигиенасына арналған заттар, агрессивті тұрмыстық химия мен косметика, тб. Ең бастысы жоспарсыз сатып алу. Жеңілдіктер болған кезде тек арнайы тізіммен керек затты алуымыз қажет. Бір мақтадан жасалған футболканы шығару үшін 2700-3000 литр су кетеді.
Экологияға зияны бар заттардан бас тартып, таңдау жасау арқылы экобастамаларды қолдауымыз керек. Қандай табиғи заттардан жасалған, мақтаны өндіру кезінде пестицид, гербецид қолданылды ма деген сұрақтарды қоюымыз керек. Өндірушіге біздің тараптан сұраныс болу керек. Экологиялық табиғи таза затқа сұраныс болса, өндіруші соны өндіреді.
Жаңа киімді, заттарды дүкеннен емес, жалға алуға немесе second handтен алуға болады. Сән индустриясының жаһандық жылынуға тиетін үлесі көп.
Ал, үшінші қадам – қысқарту. Бас тарта алмаған заттарымызды қысқартуға әбден болады. Артық тамақ, артық киім-кешектен бас тарту керек. Қазір шамадан тыс тұтынамыз, ысырап жасаймыз. Әлемде тамақтың 1/3 бөлігі қоқысқа тасталуда. Тамақты аз көлемде дайындап, тез жеп қойған жөн.
Экологиялық тұрмыстық заттарды, косметиканы алсақ та, оларды тұтынуды азайту. Бізге 5 түрлі бетке жағатын кремдердің қажеті бар ма? Әлде бұл маркетингтің арқасы ма?
Төртінші қадам – қайта қолдану. Әр сатып алған затымызға мұқият қарап, оны барынша көп рет қолдануымыз керек. Өзімізге ұнамай қалған, қысқарып қалған киімді, затты басқа біреуге беру, ұнаған затты басқа адамнан қабылдау. Көп ретті қолданылатын заттарды тұтынуымыз керек. Жұмыртқа қаптамасын, тамаққа арналған контейнерлерді көп рет қолданамыз.
Бесінші қадам - Бұзылған, жыртылған, сынған заттарды жөндеу. Не болмаса, ательеге беру арқылы киімді басқаша өңдеп, өзгерту арқылы кию. Әр заттың өмірін барынша ұзартуымыз керек.
Алтыншы қадам – тек осы жерде қайта өңдеу тұрады. Барлық алдыңғы қадамдарды жасағаннан соң ғана қайта өңдеуге тапсырамыз.
Сұрыптауды қалай бастаймыз? Біріншіден, сіздің қалаңызда қандай фракция түрлерін қабылдайтынын табыңыз.
Қауіпті қоқыстарды міндетті түрде утилизацияға тапсыру керек. Олар: батарейкалар, мерзімі өткен дәрілер, сынапты термометр мен шамдар.
Алматыда макулатура, шыны бөтелкелер, алюминий, темір, 1,2,4,5 маркировкалы пластиктер, ескі техниканы қайта өңдеуге тапсыруға болады.
Тапсыратын шикізат таза, тамақ қалдығынсыз болуы керек.
Қайта өңдеу – жер қойнауынан алынатын шикізаттарды үнемдейді және полигондардың мөлшерін азайтады. Бірақ түбінде барлық зат полигонға кетеді. Сондықтан қайта өңдеу тек алтыншы қадамда.
Ал, ең соңғы жетінші қадам – компосттау. Бұл менің ең басты қателігім болған. Мен барлық қоқыстарымды сұрыптап, ал тамақ қалдықтары полигонда тез шіріп кетеді деп ойладым. Бірақ ол жерде ауа мен күн сәулесі болмаған соң олар ұзақ уақыт жатады. Метан, көмірқышқыл газдарын бөледі. Бұл газдар полигондардың ұзақ жануына себепкер. Бұл өртті тез өшіру қиын. Сол себептен қоқыс полигондары айлап жанады. Және жауған қар мен жаңбырдан барлық уланған қоқыс суы жер асты суларына, өзен, көлдерге кетеді.
Тамақ қалдықтарын екіге бөлемін: жануарларға арналған (ет, ботқа қалдықтары) және көкөніс қабықтары. Жерден өскен затты қайта жерге беруіміз қажет. Онда қаншама минералдар мен дәрумендер бар.
Әр жер үйдің жанында компосттық щұңқыр болуы қажет. Бір жылдан соң бау-бақшаңызға арналған тыңайтқыш болып шығады.
Осы жоғарыдағы аталмыш жеті қадамды қадам қадаммен іске асыруымыз керек. Қолдан келгенше, сапасы жоғары затты алуға тырысуымыз керек.
- Қоқысты сұрыптауда халықтың көзқарасы қалай? Халықты үйрету үшін не жасауымыз керек?
- Халықтың пікірі әр түрлі. Неге мұндай экология мәселесін біз қарауымыз керек деп те айтады. Әрине, мемлекет тарапынан қоршаған ортаны қорғау, аялау бойынша іс-шаралар өткізіледі. Жылдан жылға табиғатты қорғауды әр адамзат өз міндетін атқаруда өз үлестерін қосуда.
Менің ойымша, бізде жағдай жасалған болса, халықтың көбі жасайтын еді. Екі қоқыс жәшігін қоя салып, қоқыс тастаңыз деген болмайды. Әр жерде қоқыс тастайтын жәшіктер мен баннерлер қойылу керек. Әр қоқысты көрсетілген бағыт бойынша тастаса, оны сұрыптау да жеңіл болады.
Сонымен қатар, ысырап жасауды доғару керек.
Мен өз айналамды әрдайым тазалық пен білім алуға шақырамын!