Мүмкіндігі шектеулі Ерболат Жәмиевтің отбасында бес бала бар. Олар Ақтөбеде Гормолзавод ауданындағы "Госветсеть" саяжай шаруашылығы коллективінде 11 жыл бойы тұрып келген. Ерболаттың айтуынша, көктем келген сайын үйді су басатын. Алайда осы жылғы су тасқыны ең қуаттысы болған, содан үй тіпті де жарамсыз болып қалған.
Төрт жыл бұрын Ерболат инсульт алып, жарты денесі сал болып қалған. Осы жылдар бойы отбасы мүгедектің 57 мың теңге жәрдемақысына өмір сүріп келген.
"Әрине, ақша жетпеді. Су тасқыны басталғанда құжатымызды ғана қолға алып, далаға жүгіріп шықтық. Қатты уайымдадық, баспанасыз қалғанымыз жанымызға батты, бірақ жергілікті билік пен барлық ақтөбелікке рақмет, олар бізге көмектесті. Тамақ берді, киім берді, тіпті балаларға оқу жылына сөмкелерін де сыйлады. Ал кеше кәсіпкердің бізге пәтер сыйлағанын естідік. Бақыттан басымыз айналып, жылап қалдық", - дейді мүгедектің әйелі Жансұлу Сәдірова.
"Диапазон" газетінің мәліметінше, кәсіпкер мүгедектің отбасына қаланың 12-ші ықшамауданынан жиһазы бар екібөлмелі пәтер сыйлаған. Таяуда қалалық әкімдіктегілер Ерболатқа және оның әйеліне жаңа баспананың кілтін табыс еткен. Олар пәтерге осыған дейін тұрып келген иесі кеткенде бірақ кіреді. Бұл қаражатты Ержанов өз қалтасынан шығарса, осындай идеяны Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов айтыпты.
Басылымның мәліметінше, қазақстандықтар Ақтөбеде зардап шеккендерге 124 миллион теңге жинаған. Оның 65 миллионы 65 отбасыға беріледі. Тасқын салдарын зерттеу жөніндегі комиссияның мәліметіше, тағы 362 тұрғынға жөндеу жұмысын жүргізу үшін 39 миллион теңге беріліпті. Әрбір отбасыға үйінің қаншалықты қирағанына байланысты 40-150 мың теңге аралығында беріліпті. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" кейінгі сатып алу құқығымен жалға баспана алған бес адамға 300-500 мың теңге аралығында ақша берілген. Сонымен қатар, зардап шеккен тағы он отбасы пәтер немесе жер алғанша тұратын жатақханаға қоныстаныпты.
Ал осыған дейін алматылық кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен аты-жөнін атағысы келмеген бизнесмен су тасқынынан зардап шеккен оқушы қыздың отбасына үш бөлмелі пәтер сыйлаған болатын.