Бұл туралы Алматыда өткен брифинг барысында қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, қазір бала есін жиған. «Бүгін таңертең профильді мамандар қарап шықты. Баланың жағдайы жақсарып келеді. 1-2 күннен соң бөлімшеге ауыстыру ойда бар. Бүлдіршін есін жиды. Барлық сұрақтарға дұрыс жауап беріп жатыр», - деді Нұржан Исабеков. Ал, баланың тәтесі Руфина Асқароглы полицияның бір күдіктінің ізіне түскенін айтты.
«Камерада ер адам Брянская көшесінің бойымен қашып бара жатып, артына, Мухамед жатқан талдарға қарай береді. Ол баланы камера жоқ жерде соққан сияқты. Сосын көлігін сол жерде қалдырып, камераға ілінбей баланы талдың түбіне апарып тастаған. Сосын артына қарайлап, қашып барып, камераның назарынан шығып кетеді. Қай жерде камера барын білгеніне қарағанда, осы ауданның тұрғыны сияқты», - дейді Р.Асқароглы.
Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жасар баланы көлік қағып, қан жоса болған күйде көрпеге орап, тал түбіне қалдырып кеткен. Ата-анасы бірнеше минут өткен соң ғана баланы жүздеген метр қашықтықтан тауып алған. Ал дәрігерлер бүлдіршіннің жағдайын өте ауыр деп бағалаған болатын. Медицина мамандары баланың өмірін арашалап қалу үшін барын салды.