“Талағын беріп, отбасын тастап кетсе қиын екен”: Жанель Мақажан жеке өміріне қатысты сырын ашты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Өнер иесі отбасындағы қиындықтар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас және туыстардың араласуы туралы ойын айтты.

"Күйеуің сені, бала-шағаңды өз туыстарына талатып отырса, өз отбасын шын мәнінде қорғамаса, шешесінің, жанындағы психологтары мен достарының айтқанына еріп, саған талағын беріп, қуанып отбасын тастап кетсе қиын екен. Бірақ ел алдында керемет әке, жардың бейнесінде жүріп, бауырлары ажырасуға, сенің өлуіңе тілектес болып, сен тазаланған сайын сиқыр жасай берсе, тіпті қиын. Денсаулығыңның қалай нашарлап бара жатқанын да байқамай қалады екенсің", – деп жазды актриса.

Жанель Мақажан ер адамның анасына тым тәуелді болуы да отбасылық қарым-қатынасқа әсер ететінін атап өтті.

"Шешесінен сепарация жоқ, өзіңе қарсы шығып, шешесімен бірге сені өз үйіңнен қуса, ол да оңай емес. Сен жасаған барлық ресурсыңды, жақсылығыңды пайдаланып, енді “отбасым керек емес” деп басқа отбасын құрамын деп жүрген адамнан не күтесің?" – деді ол.

Актриса әйелдер кейде отбасын сақтау үшін бар күшін салатынын айтып, опасыздық пен сатқындықтың ауыр тиетінін жеткізді.

"Біз, әйелдер, сенеміз ғой. Барымызды береміз: энергиямызды, ақшамызды, мотивациямызды. Екі дүниенің бақытын бірге көреміз деп барыңды саласың. Сол жерде ақымақ болғаныңды түсінесің. “Бәрі керемет болады” деген аңғал үмітпен жүресің. Одан қалды сені алдап, опасыздық жасаса, сатқындық жаныңды қатты ауыртады екен", – деп жазды Жанель Мақажан.

Сондай-ақ ол жігіттің отбасы қарым-қатынасқа басынан бастап қарсы болған жағдайда, мұндай жағдайға мән беру керектігін айтты.

"Жалпы әу баста жігіттің отбасы қарсы болса, ондай отбасыны көре тұра мүлде қарастырмау керек екен. Олардың арам пиғылы түбіңе жетпей қоймайды екен. Ерлі-зайыпты қол ұстасып, бәрін бірге жеңуге дайын болса, отбасын сақтап қалуға болады. Ал ерің отбасын емес, өз туыстарының айтқанын таңдап кетсе, одан не қайыр? Бұл – басы ғана. Бәрін айтсам, есеңгіреп, өмірде ешкімге сенбей кетесіздер”, - деп жазды ол.