Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында ақынның айтыстағы үзіндісін көріп, күлгенін айтып, оның әрекетін тым қатты сынға алмауға үндеді.
«Сүйкімді адам екен, иә? Шіркін-ай, харизмасы бар жігіт екен. Айтыстың үзіндісін көріп, көзімнен жас аққанша күлдім. Мені күлдіру, негізі, оңай шаруа емес. Барлық адам міндетті түрде салмақты болуы керек пе?! Онсыз да бәрі күрделі. Өмірге әзілмен қарау керек.
Жарты жыл айтысқа шығуға тыйым салды дейді. Талай әртістер одан да зорын жасайды, көрерменді сахнада тұрып боқтайды, сөзге келіп қалады, бірақ «еркелік қой» деп кешіреді.
Ал сіз қалай ойлайсыз? Ақынын халық қолдай ма? Қолдасаңыздар, бөлісіңіздер», – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
Еске сала кетейік, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақановтың Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыста айтқан сөздері әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Ақынның сөзі мен сахнадағы әрекеті сынға ұшырады.
Осыдан кейін Айтыс одағының төрағасы Аманжол Әлтай Мақсат Ақановтың алты айға айтыстан шеттетілгенін мәлімдеді.