17 жасар Мұса Жоламанов панкратионнан боз кілемде республикалық және халықаралық додаларда қарсыластарына ешқашан есесін жібермеген. Жұдырықтасқанда жеңіп, белдескенде жығылмаған бозбала қазір аурухана төсегіне таңылып жатыр. Осыдан бірнеше ай бұрын дәрігерлер сүйекке біткен қатерлі ісікті анықтап, мүжілген омыртқасын алып тастапты. Одан соң төрт рет химиялық ем алғанымен, ешбірі дертіне дауа болар емес. Бірақ Мұса әлі де үмітін үзбей келеді.
Мұса Жоламанов, панкратионнан спорт шеберлігіне үміткер:
-Жаттықтырушы боламын деп ойлағанмын. Әлде де болам ғой. Қолда ғой. Сенімдімін. Иншалла емделем ғой ақырына дейін.
Қазір дәрігерлер Мұсаны кезекті отаға дайындап жатыр. Себебі ісік қабырғасына шауыпты. Оны алып тастағанымен қатерлі дертті тоқтату мүмкін емес дейді. Спортшыны аман алып қалу үшін жапон дәрісін ғана қолдану керек. Оның бір түйірінің өзі екі миллион теңге тұрады. Ал Мұсаға қажетті курстың құны он алты миллион теңге.
Гүлнәр Күреңбаева, М.Жоламановтың анасы:
- Қалтаға кішкене қиындау болып тұр. Көмек сұраймын сіздерден. Үмітімізді үзбейміз. Баламыз тұрып, жазылып кетеді деген ойдамын. Балам өзінің аңсаған арманына жетеді деп ойлаймын.
Мұса жазылып шықса спортпен қоштаспайтынын айтты. Сылынған сүйектері сыммен жалғанып тұрғанына қарамастан балаларды панкратионға баулыр едім деп армандайды.
Отбасының байланыс телефоны: +7 702 274 83 87