Талдықорғанда өрттен зақым келген пәтерлер бюджет қаржысына жөнделмек

Еске сала кетейік, кеше кешке қарай Бөгенбай батыр көшесі, 60 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің балконы тұтанды. Кейін от үйдің шатырына қарай жайылды. Жалын шарпыған аумақ 400 шаршы метрді құрады. Абырой болғанда, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Баспананы қалпына келтіру үшін 4 құрылыс компаниясы жұмылдырылады. Бірінші кезектегі міндет - екі күн ішінде шатырдың демонтажын жүргізіп, оны одан кейінгі жұмысты жүргізу үшін кептіру. Жоғарғы қабаттарда орналасқан пәтерлер де назардан тыс қалмайды. Ол пәтерлерде  мемлекет есебінен жөндеу жүргізіледі», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Талдықорған әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Бұлдыбаев.


Өрттен болған зардапты жою, соңғы қабаттардағы пәтерлер мен баспананың шатырын қалпына келтіру үшін арнайы комиссия құрылды. Өрттің шығу себептері анықталуда.

Әкімдіктің берген мәліметтеріне қарағанда, өртенген үйде барлығы 46 пәтер бар. Сонымен бірге, 10 коммерциялық нысан орналасқан. Барлық тұрғындарға ыстық тамағы бар қонақ үйлерден орындар ұсынылды. Бірақ көбі бас тартып, туған-туыстары мен таныстарының үйлеріне орналасты.