Биіктігі 10 метрді шамалайтын монумент таза қоладан құйылған, оның авторлары - танымал сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Азмағамбетов.
«Қазақтың дарынды ұлына ескерткіш орната отырып және ата-бабаларымыздың бай рухани мұрасына тағзым ете отырып, мына жайтты айтып өткім келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ел зиялылары, ақын-жазушылар мен қоғам өкілдері Жетісу жерінде Сүйінбай ақынның ескерткішін орнату туралы өтініш жасаған болатын. Бүгін міне, осы арман орындалып отыр. Енді Талдықорған тұрғындары мен қонақтарын қалаға кіреберісте ақынның монументі қарсы алатын болады», - деді С.Үмбетов өз сөзінде. Әкім сондай-ақ, сөз соңында жоба авторларына алғысын білдірді және оларға шығармашылық табыстар тіледі.
Сүйінбай ақын Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген, сонда қайтыс болды. Қазақ халқының ақыны, айтыс өнерінің шебері. Аронұлы Сүйінбай (1815 - 1898) - қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекені. Осы өңірден топырақ бұйырған. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп өнген.
Сүйінбай, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынымен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті. Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған. Оның Сұраншы, Саурық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.