20 бойжеткен Қазақстанның ең сұлу аруы атағына бақ сынасты. Ақтық сынға жолдама алып, іріктеуден өткен ең сұлу қыздар екі апта бойы ән айту, актерлік шеберлік, макияж жасау, дефиле көрсету, интеллектуалдық байқау және бұдан өзге де 10-ға жуық сыннан, көптеген кастингтерден өтіп, әлеуметтік және қайырымдылық акцияларға қатысты.
Ақтық сында әділ-қазылар алқасы мен көрермендердің SMS дауыс беру арқылы 20 үміткердің 5-еуі финалға шықты. Бес арудың ішінен талдықорғандық Айнұр Төлеуова «Қазақстан Аруы» атағына лайық деп танылды. I Ару атағын астаналық Мария Горбулько жеңіп алса, II Ару атағын Арна Абдрахмани иеленді, ал, III Ару атағына Өскемен қаласының сұлу қызы Асем Мамаева ие болды.
Қазақстанның ең сұлуы атағының иегері Айнур Төлеуоваға сұлулық тәжімен қатар, тұңғыш рет байқау тарихында 37 гауһар тастан тұратын алқа сыйға тартылды. Ол алқаны жобаның бас демеушісі Mary Kay компаниясы ұсынды. Сондай-ақ, бас жеңімпаз «Әлем Аруы-2012» халықаралық байқауына Қазақстанның атынан қатысуға жолдама алды. Тәжді «Қазақстан Аруы 2010» байқауының жеңімпазы Жанна Жұмалиева табыстады.
Естеріңізге сала кетсек, ең сұлу қыздар арасындағы сұлулық ханшайымы тәжіне күрес мамырдың 1-де басталды. Сол уақыт аралығынан әр өңір өз аруын анықтады. Байқауларға жалпы саны 300-ге жуық ару қыздар қатысты.
Бүкіл қазақ елі Алматыдағы ең ірі мәдени шараны тікелей эфир арқылы тамашалауға мүмкіндік алды