Талдықорғанның орталығында үш сауда үйі өртеніп кетті

Бірінші "Керуен" сауда үйі өртенді. Өрт шыққаны туралы дабыл өртке қарсы күрес қызметіне 20 сағат 11 минутта келіп түсті. Өртке бірден ең жоғары күрделілік санаты берілді. Жалынды ауыздықтағанға дейін сол маңдағы үйдің де өртену қаупі сақталды. Тұрғындар щұғыл түрде эвакуацияланып, жалын шарпыған аумақ қоршалды.

Шамамен 20 сағат 40 минут кезінде жалын "Керуенмен" өткел арқылы қосылған көршілес екі сауда павильонына қарай ойысты. Өрттің жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрады.

Өртті сөндіруге өрт машиналарымен қатар гидранттар пайдаланылды, коммуналдық қызметтер өрт шыққан жерге цистерналармен де су тасыды. Өрт шыққан жерге қалалық әкімшілік өкілдері мен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов келді.

Өрт 21 сағат 39 минутта шоғырландырылды, сол кезге дейін үш сауда үйі де толық жанып кеткен болатын.

Өрттің шығу себептерін тексеруге анықтау қызметі кірісіп кетті. Бейресми түрде өрттің шығу себебіне қатысты екі түрлі жорамал айтылуда: сауда үйлерінің ауласында қоқысты өртеу және электр сымының қысқа тұйықталуы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ТЖМ мәліметінше, өрт салдарынан 70 адам сыртқа шығарылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

"Қабылданған шаралардың арқасында төрт қабатты тұрғын үй, екі қабатты кеңсе мен дүкен, трансформаторлы подстанциялар, "Жаңа Қарағаш" сауда үйінің ғимараты қорғалды, -деп хабарлайды ҚР ТЖМ.

Оқыс оқиғаны жоюға 25 арнаулы техника, 14 дана ҚР ТЖМ өрт сөндіру қызметінің техникасы, 600 адам, соның ішінде өрт сөндірушілер құрамының 86 адамы жұмылдырылды.