Талғар қаласында Бүкіләлемдік бокс академиясының тұсауы кесілді

Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының президенті Чинг-Куо Ву және Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

«Бокс - қазақ жерінде кеңінен қанат жайған спорт түрі. Соңғы жылдары  боксшыларымыздың халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрінуі бұған дәлел бола алады. Бүгін бүкіл әлемнің спорт қауымдастықтары үшін тарихи күн! Қазақстанда  дүние жүзі бойынша тұңғыш рет бокс академиясы - оқу-жаттығу кешені ашылы отыр. Бұл жерде осы академияны ашу жобасының авторы, Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың атқарған еңбегін ерекше атап өткім келеді. Енді бұл академияда бокстан шет елдердің құрама командалары оқу-жиындарын өткізе алады», - деді өз сөзінде А. Мұхамедиұлы.

Айта кетелік, 24 қазанда Халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) жаңа - AIBA Professional Boxing (APB)  атты жобасы басталады. Бүгін  жоба аясында өтетін сайыстардың жеребесі тартылды.   

Аталмыш жаңа жоба Қазақстан бокс федерациясының президенті, Халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) вице-президенті Тимур Құлыбаевтың тікелей қатысуымен әзірленгенін айта кеткен жөн. 


Бұл жаңа жобаға АИБА-ның әлемдік рейтингінен ойып тұрып орын алатын, ең үздік 80 боксшы қатысады. Яғни әрбір салмақ категориясында 8 боксшыдан. Олардың арасында, әрине, Қазақстандық былғары қолғап шеберлері де бар.

Боксшылар өзара кәсіпқой бокстың ережесі бойынша жұдырықтасады. Топтық кезеңдерде әрбір кездесу 6 раундтан тұрса, финалдық кездесулер 12 раундтан болады.     

Ал финалдық кезең 2015 жылдың қаңтар айының соңында өткізіледі. Бұл жерде жеңімпаздар қомақты сыйақылармен қатар, олимпиадалық жолдамаларға ие болады.