Талғарда сел жүріпбалалар лагері мен бірнеше үйді шайып кетті

- Бұл – Маралсай шатқалындағы екі лагерьдің бірі «Радуганың» селден кейінгі көрінісі. Дәл мына мен жүрген жерде биіктігі екі метрге жететін қақпа болған екен. Бірақ қақпадан қалған кескін осы. Турасын айтқанда, демалыс орталығының ландшафтық дизайны мүлдем өзгерген.

Кәсіпкер Ахмет Дзауров ендігі мүлігіне қарап қынжылмастан басқаға лажы жоқ. Өйткені тілсіз жау оған тиесілі лагерьді түгел бүлдірген. Міне, кеше түскі 2-де басталған селден кейінгі көрініс. Абырой болғанда биыл демалыс орны жөндеуге жабылып, балалар қабылдамаған екен.

Ахмет Дзауров, лагерь директоры:

-Су есіктен ғана емес, терезеден де кірді. Бір 10-15 минуттың ішінде басып қалды. Енді ішіндегінің барлығын қайта шығаруым керек. Құдай сездірді ме, биыл бала қабылдауды ұйғарып едім. Ондан да жөндетейін деп құрылыс бастағанмын. Бәрі бекерге кетті.

Екі лагерьден өзге сел шатқал ішіндегі бірнеше үйдің қора-қопсысын шайып, көліктерін мынадай жарамсыз күйде қалдырған. Сондай-ақ, тауға көтерілер тас жолдың да талқаны шығыпты. Тосын жайт, әсіресе, Маралсайға демалуға келген елдің есін алған.

-Демалып жатқанда аяқ астынан сел жүрді. 3 сағатқа созылды. Қазір кетіп бара жатырмыз.. Бес көлігіміз домалап кетті. 

Ресми ақпарға қарағанда, сел жүруіне күннің шамадан тыс ысуынан тау бөктеріндегі қардың ереуі себеп болған. Тек Маралсай бөгетінің беріктігі суды тежеп қалыпты. Ал түнде бөгеттен жіберілген су Талғар өзеннің ернеуінен біршама асырған да екен. Салдарынан орталық көшелерге де лай су аққан.


Мадияр Ермек, Талғар қаласының тұрғыны:

- Жоғарыдағы бөгеттен су мына жерді басқанын көрдік. Күндіз төбеде тікұшақ ұшып жүрді. Мына жер қатты су болды.

Қазір апат орнында төтенше қызметтің техникалық күші түгел жұмылдырлаған. Сөйтіп, шатқал тастан тазартылуға кірісті. Ең бастысы – бөгет бүлінбеген. Сондықтан мамандар қала жұртына алаңдауға негіз жоқ дейді.

Сәбит Битаев, Алматы облыстық ТЖД бастығы:

- Бөгетке ешқандай зақым келген жоқ. Судың деңгейін таңертеннен бері 20 куб см болып келіп жатыр.  Мамандар тікұшақпен барып, олар сол жерде маниторинг өткізеді.

Сондай-ақ, қазір арнай тексеру тобын құрып, шығын көлемі де есептелмек. Оны реттеуді облыс әкімдігі мойынына алмаққа ниетте.

Тынышбай Досымбеков, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

-Енді көріп тұрсыздар аяқ астынан болған шаруа. Демек елдің мүлкі болатын болса, жекеменшік заңды болатын болса, көмек болады.

Мәліметтерге қарағанда, сел әкелген судың деңгейін секундына 80 куб метрге жылдамдықпен ағыпты. Жалпы аумағы 3 шақырым қашықтыты тас аралас лай басқан. Бір айта кетерлігі, Маралсай шатқалында 93-шы жылы да дәл осындай оқиға тіркелген екен.