“Тамақтарды көрсең, жүрегің айнып, шошисың”: Қоғам белсендісі тойлардағы ысырапшылдық туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды. 

Ол “Адырна” ютуб арнасына берген сұхбатында мейрамхана қызметкерлері ысырап, обалға мән бермейтінін айтты.

“Астананың өзінде 500-ден астам мейрамхана бар және ол күн сайын көбейіп жатыр. Олардың ішіне кірсең аузың аңқиып, құлағың қалқиып қалады. Еуропаға алғаш барғанда Мадрид қаласына барғанда “бұлар 500 жыл бойы әлемді тонады ғой, алтындарын қайда тыққан екен” деп ойладым. Сөйтсем, шіркеуіне тығады екен. Қазір бүкіл алтыны шіркеудің асты-үстінде. Ал Астанада алтын секілді жалт-жұлт еткен мейрамханаларды көрдім. Таң қаласың. Қыруар қаржы салғаны көрініп тұр. Жұрт сол жерге той жасағысы келеді. Қазақ жақсы өмірді аңсайды. Бірақ таяқтың екі ұшы бар ғой. Ертең де өмір сүру керек. Той 5-6 сағатта өтеді де кетеді. Оның төлемі бар. Тойдағы шашылып жатқан тамақтарды көрсең, жүрегің айнып, шошисың. Негізі еттің сорпасын төгуге болмайды. Ысырап, обал. Оны айтсаң, әкімші қызметкерлер тіл білмейді. Қазақша өспегеннен кейін иман, ізет, ата-анаға құрмет, ысырап, ынсап дегенді түсінбейді. Ми жоқ. Сондықтан кімге не айтасың. Талай рет молдаларға да “уағыздың арасында сорпаны төкпеңдер, етті тастамаңдар, мұқтаждарға беріп жіберіңдер” деп уағыздың арасында айтыңдар деп те айттым. Бірақ, бергісі келмейді. Ақыр соңында ертесіне шіріп кетеді. Қазақ қашан да мейірбан болған. Бас мешіттерде бөтен адам кіргізбеуге тырысады. 3-4 үстелдер бос тұрады. Қайта сол келген адамдармен толтыру керек. Кімнің дұғасын қабыл қылатынын Құдайдың өзі біледі. Қазақ қырықтың бірі қыдыр, жүздің бірі әулие дейді. Баян Мақсатқызы сияқты бөлісу керек. Ол орыша өссе де бөлісіп жатыр”, - дейді ол.