Тамара Дүйсенова тілшінің "Қазір Шымкент қаласына көшірілген тұрғындардың бойында үрей бар. Олар мешітке орналастырылған екен. Тұрғындар биліктің "Қираған үйлерді жөндейміз, барлығын қалыпқа келтіреміз" деген сөзіне қарамастан Арыс қаласына қайтадан барғылары келмейді. Олар Шымкент, Түркістан қалаларынан үй сұрап отыр. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай? " деген сұрағына жауап берді.
"Бізге мемлекеттен қандай көмектер берілетіні және басқа қалаларға көшірілуі мәселесі туралы сұрақтар қойылып жатыр. Мен осы апаттан зардап шеккен азаматтарға 4 жақтан көмек беріліп жатқанын айтқым келеді. Біріншіден, өздеріңіз естідіңіздер, президент үкіметке резервтен қаржы бөлу жөнінде тапсырма берді. Үкіметтің республикалық бюджеттен бөлінетін қаржысы Арыс қаласы мен тұрғындардың үйлерін қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда үкімет облыстық штабпен келісе отырып, қосымша қаражат бөлуі мүмкін.
Екіншіден, егер азаматтар апаттан зардап шеккен, денсаулығы нашарлап, мүмкіндігі шектелетін болса, отбасы апат салдарынан асыраушысынан айырылған болса немесе осы апатқа байланысты жұмыссыз қалған болса - онда мемлекеттік бюджеттен республикалық сақтандыру қорынан қаражат төленеді", - дейді Тамара Дүйсенова.
Үшіншіден, әрбір жергілікті бюджетке облыстық, аудандық бюджеттен азаматтардың қажеттілігіне қарай жергілікті мәслихаттың шешімімен тағы да қосымша қаражаттар бөлінуі мүмкін.
"Төртіншіден, Түркістандағы әлеуметтік даму қорына түскен жарты миллиардқа жуық қаражат та бөлінеді. Облыс әкімінің штабымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Онда арнаулы комиссия жұмыс істеуде", - дейді ол.
Олар қаланы қалпына келтіру, оны тазалау мәселесімен толық шұғылданады.
"Кеше облыс әкімі тұрғындарды Арыс қаласына қайтаруымыз керектігін айтты. Сондықтан осы қаражатты бөлу, азаматтаға көмек көрсету арнаулы комиссияның құқығында. Мен арнаулы комиссия Арыстағы азаматтарға барлық, ақпаратты толық жеткізеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі қаланы толық тазалап болғандарын айтты. Үкімет тұрғындардың үйлеріне қайтуға мүмкіншілігі бар екені туралы хабарлама беріп отыр", - дейді Тамара Дүйсенова.