«Тамаша» тағы таңғалдырмақ

Халықтың жоғын жоқтап, кемшілігін әзілмен сынаған «Тамаша» үшін 35 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде сатира тілімен көрерменін күлдіре де, жылата да білді. Лұқпан Есенов негізін қалған отаудың көтермеген мәселесі жоқ.

Асылбек Боранбаев, «Тамаша» театрының режиссері:

–Қоғамда, жалпы әлемде болып жатқан әлеуметтік жағдайлардың бәрін астармен, әдемі әзілмен сыпайылап жеткізе білген тек осы «Тамаша» деп ойлаймын. Әзіл десе ішкен асын жерге қойып, «Тамашаны» сүйіп көретін көрермен! Барлықтарыңызды «Тамаша» ойын сауық отауының 35 жылдық меретойына шақырамыз. 

Құдайберген мен Мейірманның, Тоқсын мен Уәйістің ізін жалғаушы жас актерлер қазір мерейтойға қызу дайындық үстінде. Бүгінде театр ұжымын негізінен жастар құрайды. Ер азаматтармен қатар әзілдің ауыр жүгін арқалап жүрген Залина Отарбаева үшін «Тамаша» үлкен өнер мектебі іспетті.


Залина Отарбаева, актер:

–Мен «Тамашаның» 30 жылдық мерейтойында келгем. Бес жылдан бері ұжымдағы жігіттердің арасында жалғыз қызбын. Лидия Каденова біздің концерттерімізге әрқашан қонақ ретінде шақырылады. Адам жетпесе жігіттер қыздардың ролін ойнап кетеді.

«Тамашаның» әзілге жасаған еңбегі орасан зор. Содан үлгі-өнеге алған жас театрлардың саны 18-ге жетіпті. Сонымен «Тамашаның» тарландары – Лидия Кәденова мен Қадірбек Демесінов 35 жылдан кейін көременді немен таңқалдырмақ? Көнекөз авторлар Көпен Әмірбек пен Толымбек Әлімбектің сиясы кеппеген сатирасын 14 наурызда Республика сарайында тамашалай аласыздар. Мерекелік шара 17 наурызда Астанада жалғасады.