Тамыздан бастап жүргізуші куәлігін қайтарып алу тәртібі өзгереді: кімдер көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін?

Жаңа нормалар жүргізушілердің денсаулық жағдайын цифрлық бақылауды күшейтіп, мас күйінде көлік жүргізуге қатысты талаптарды да қатаңдатады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.

Басты өзгерістердің бірі – 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты. Енді олардың көлік басқаруға медициналық жарамдылығы мемлекеттік цифрлық жүйеде міндетті түрде расталып тұруы тиіс. Егер жүйеде тиісті медициналық қорытынды болмаса немесе көлік жүргізуге қарсы көрсетілімдер туралы мәлімет тіркелсе, уәкілетті мемлекеттік орган жүргізуші куәлігінің күшін тоқтата алады.

Бұл талап азаматтың жасына емес, денсаулық жағдайының өзектілігіне басымдық беруді көздейді. Дегенмен мамандар цифрлық деректер базасындағы техникалық ақаулар немесе медициналық ақпараттың уақытында енгізілмеуі кейбір жүргізушілер үшін қиындық туғызуы мүмкін екенін айтады.

Тағы бір маңызды өзгеріс мас күйінде көлік жүргізу фактілеріне қатысты енгізілді. Бұған дейін қылмыстық іс рақымшылыққа, ескіру мерзімінің өтуіне немесе заңда көзделген өзге де негіздермен тоқтатылған жағдайда, кейбір жүргізушілер көлік басқару құқығын сақтап қалуы мүмкін еді.

Ал 25 тамыздан бастап мұндай мүмкіндік жойылады. Егер мас күйінде көлік жүргізуге қатысты қылмыстық іс айыптау үкімі шықпай-ақ тоқтатылса да, жүргізушінің көлік басқару құқығы тоқтатылып, бұл туралы мәлімет мемлекеттік цифрлық жүйеге енгізіледі. Тиісті шешімді уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды.

Медициналық ақпараттың болмауына байланысты жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылған азаматтар денсаулығына көлік жүргізуге кедергі келтіретін қарсы көрсетілімдердің жоқ екені туралы қорытынды цифрлық жүйеге енгізілгеннен кейін ғана құқықтарын қайта қалпына келтіре алады.

Ал мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізу құқығынан айырылған азаматтарға қойылатын талап өзгеріссіз қалады. Олар сегіз жыл өткеннен кейін ғана жүргізуші куәлігін қайтаруға өтініш бере алады. Ол үшін медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруы қажет.

Жаңа тәртіп жүргізушілерді бақылау жүйесінің толықтай цифрлық форматқа көшіп жатқанын көрсетеді. Енді жүргізуші үшін тек медициналық тексеруден өту жеткіліксіз, оның нәтижесінің мемлекеттік ақпараттық жүйеде уақтылы тіркелуі де шешуші мәнге ие болады. Бұл өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанымен, цифрлық деректердің дәлдігі мен уақтылы жаңартылуы бұрынғыдан да маңызды болмақ.