Мәреге үш шақырымдай қалғанда суырылып алға кеткен Фабио Ару, өзінің белді қарсыластарына ұстатпай кетті.Оның соңына ілеспек болған таулы жолдың серкесі Найро Кинтана да ұзаққа бармады. Нәтижесінде Фабио Ару көмбеге дара келсе, колумбиялық Фабио Даруте екінші , ал оның отандасы Найро Кинтана үшінші орынды місе қылды. Бүгінгі жеңістен кейін «Астананың» капитаны генералдық тізімде төртінші орынға көтерілді. Жалпы есептің лидері Ригоберто Уран үстіндегі қызғылт жейдені сақтап қалса, екінші орында аустралиялық Кадэл Эванс келеді.
Парижде теннистен Францияның ашық чемпионаты жалауын көтерді. Қазақ жанкүйерлері үшін биылғы «Ролан Гарростың» жөні бөлек болғалы тұр. Өйткені дүбірлі доданың негізгі кестесінде тұңғыш рет қазақ қызы өнер көрсетпек. Талабы таудай Зарина Дияс, бүгін чехиялық Петра Квитовамен күш сынасады.
Дәстүрлі доданың былтырғы жеңімпазы Серена Уильямс, алғашқы айналымда француз Ализе Лимге дес бермеді. Екі сеттегі кездесудің нәтижесі 6:2, 6:1. Келесі раундта Серена Уильямс испаниялық Габринье Мугурусамен кездеседі. Сіңлісінің жеңісті жолын Уильямстердің үлкені Винус жалғастырды. Жиған тергені мол Винус 6:4 және 6:1 есебімен швейцариялық Ангелика Кербердің алдын орап кетті. Осы күні өткен бәсекелердің бірі таза франциялық дерби болып шықты. Бұл матчта тәжірибелі шебер Жо-Вильфрид Тсонга отандасы Эдуара Роже-Вассаланнан басым түсті. Есеп 7:6,7:5 және 6:2.
Астанада асық атудан алғаш рет республикалық ашық турнир өтті. Жарысқа Қазақстанның 14 облысынан келген үздік мергендер қатысты.
Сайысты ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен «Асық ату» федерациясы бекіткен. Ереже бойынша әр команда құрамына үш ойыншы кіреді. Олар 16 жасқа толмаған, 16 жастан асқан және жетекші ойыншы. Шара мақсаты ұмытылып бара жатқан ойын түрін қайта жаңғырту. Турнирде Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов пен танымал әнші Қайрат Нұртас өнер көрсетті. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталып, жүлделерге ие болды.