Танымал қазақстандық футболшының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Танымал қазақстандық футболшы Бауыржан Жолшиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан чемпионатының екі дүркін чемпионы, Қазақстан кубогының иегері Бауыржан Жолшиевтің үстінен көлік жүргізу куәлігінің жоқтығына қарамастан автомашинасын жүргізгені үшін қылмыстық іс қозғалды.

Ол 2016 жылдың күзінде өзінің «Мерседес» автокөлігін мас күйінде жүргізіп, көлік жүргізу куәлігінен үш жылға айырылған. Алайда, Жолшиев 2017 жылдың 3 сәуір күні көлік жүргізу куәлігінің жоқтығына қарамастан автомашинасын жүргізіп, Алматы қаласының жол полиция қызметкерлеріне ұсталып қалды.

Сол себепті, Бауыржанға ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабы бойынша қылмыстық  іс қозғалған. Сот ісі Бостандық ауданының сотында қаралып, судья Олжас Күренбеков оны 200 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту үкімін шығарған.