Бұл туралы ол «Замана» басылымына берген сұхбатында айтты.
Аталған басылымға берген көлемді сұхбатында Мұхтар Шерім өзінің шығармашылығы мен еңбектері жайлы толығырақ айта келе отбасына қатысты да сөз қозғапты.
- Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Әйелім, үш балам бар. Балалар өсіп жатыр. Әйелім менен 32 жас кіші болса да жағдайымды, жай-күйімді жақсы түсінеді. Шығармашылығымды сүйіп оқиды. Әрдайым демеу болып жүреді. «Ақыл – жастан» дегендей көп нәрсені біледі, ақыл қосып отырады, депті сатирик.
Қазақта «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген сөз бар ғой. Біз бір-бірімізге әбден үйренісіп кеткенбіз. «Сіз» дегені болмаса кәдімгі құрдастарша қалжыңдасамыз. Қызғаныш деген атымен жоқ. Жеңгелеріңіз ағайын-туыспен де сондай қарым-қатынаста. Туыстардың тойы онсыз өтпейді. Абысындарымен де ақылдасып, бар шаруаны ұршықша иіріп отыр. Меніңше, бұл адамның өзіне байланысты болса керек. Болмады демеймін, алғашқы кезде бізде де қиыншылық болды. Арамызға от салғысы келетіндер де табылды. Бірақ жеңгелерің оның бәріне түсіністікпен қарады. Төзе білді. Себебі тұрмысқа шығуды ол саналы түрде қабылдады. Анасының ақ батасын алып, сол кісілердің ризашылығымен босағамнан аттады,- деді Мұхтар Шерім.