«Тақиялы періште» астаналық сахнада қайта жанданады

Сүрбойдақ Тайлақ (Расул Нөгербеков) пен оған жар іздеген анасының (Айжан Салаева) қызықты сәттерін астаналықтар Астана күнінің 14-жылдық мерекесі кезінде тамашалай алады, деп хабарлайды www.astanaday.kz сайты.

Көрнекті режиссер Ш.Аймановтың «Тақиялы періште» комедиясы алғаш рет 1968 жылы экранға жол тартқаны есімізде. Содан бері жарты ғасыр өтсе де, фильм әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Ондағы басты кейіпкерлердің кей сөздерін әлі күнге дейін сөз арасында келтіретіндер көп.

«Тақиялы періште» - бұл тек қана езу тартқызар комедия емес, ол әрі әсем музыка. Фильмнің сахналанған нұсқасында симфониялық оркестр, Камералық хор әртістері, «Шалқыма» ұлттық би ансамблінің өнерлері паш етілмек. Одиссей жайлы ән мен ырғақты би көрерменді ерекше әсерлендірері сөзсіз. Ана туралы (Бибігүл Жанұзақ), Алматы туралы әндер (Нұрбол Балапанов) мен басқа да композициялар жанды дауыста орындалғандықтан, көпшілікті тамаша көңіл-күйге бөлемек.