Таразда 43 жастағы келіншек қызының туу туралы куәлігін жасата алмай жүр

Бұл – еш жерде тіркеуде жоқ бүлдіршін. Алты жыл бұрын оның әке-шешесі тауда біреудің малын бақса керек. Боранды күні аяғы ауыр Оксананың толғағы келіп, сәбиін қойлы ауылдағы үйінде босанған.  Айтуынша перзентхаға жете алмауына табиғаттың тосын мінезі себеп болыпты.  

Оксана Ибрагимова, Тараз қаласының тұрғыны:

-Ақпанның 16-сы күні күн қатты суып кетті. Күйік асуын қар басып, ешқайда шығу мүмкін болмай қалған. Тек бір аптадан кейін жол ашылды. Бірақ ол кезде перзентханаға баруға қорықтым. Сәбиімді алып қоя ма деп уайымдадым.

Келіншек сол кездегі негізсіз үрей мен жалқаулықтың зардабын қазір тартып отыр. 43 жастағы әйел 7 баласымен алтын алқа алуы тиіс болса, ол күмісті қанағат тұтуда. Өйткені алты жастағы Катеринаның өзінің қызы екенін растайтын құжаты жоқ. Туу туралы куәлігінің болмауынан бүлдіршіннің биыл мектепке де бара алмайтын түрі бар.


Оксана Ибрагимова, Тараз қаласының тұрғыны:

-Құжаты жоқ болғандықтан дәрігерлер де қарамайды. Жәрдем ақысы да берілмейді.  Тіпті жасы толса да биыл мектепке бара алмайтын болды. Оны өзімнің қызым екенін сот арқылы немесе ДНК арқылы дәледеуім керек екен.

Алайда алты балаға берілетін жәрдемақыға күндері қарған отбасының оған жұмсайтын ақшасы жоқ. Оксананың күйеуі жүректен инсульт алып таяқ сүйеніп жүрсе, өзі кенжесін бағып үйінде отыр. Теңгеден тарыққан келіншек бүгін шенеуніктерден жәрдем сұрап келді. Алайда ондағылар мардымды жауап айта алмады. Енді ерлі-зайыптылар қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр.