Баласын бақшаға беруге асыққан жандар таңғы 4-тен бері кезегін күтуде. Алғашқы он адам ғана ың-шыңсыз қабылданыпты. Ал, содан кейін, жаппай бейберекетсіздік басталған. Күшіне сенгендер топты жарып әлек. Көп арасында есінен танғандар да бар.
Бүгін бірден 2007-2010-шы жылы аралығында туылған балғындар қабылданып жатқан көрінеді. Ата-аналардың ызасын туғызғаны да осы.
Ал, қабылдау комиссясының айтар уәждері дайын. Сөздеріне сенсек, жанжалға ата-аналардың өздері кінәлі. Балалар кезегі жергілікті басылымдарға жарияланыпты, сол ретпен олар келуі тиіс болған.
Гүлфайруз Есенқұлова, қабылдау комиссиясының мүшесі:
- Халықтың өзі түнгі екі-үштен келіп, кезек қойып алады да, өздерінше тізім қойып алған. Сол тізім бойынша, бір-бірімен ұрысып, керіске түседі. Егер олар, бізге келіп кезегімен тұрып, таласпай кірсе, біз оларды жіберетін едік.
Түске тақау бала кезегін күткен жандардың шыдамы таусыла бастаған. Тіпті ішке қарай ену үшін, есікті бұзуға дейін барды. Оларды райынан қайтаруға тәртіп сақшыларының да дәрмені жетпеді. Сондықтан полицейлер қабылдау комиссиясының жұмысын тоқтатып тастады.
«Аш құлақтан, тыныш құлақ» деді ме, осы сөзді ести сала, комиссия мүшесінің бірі алды-артына қарамай тайып тұрды. Ал, айғайға басқан, ата-аналар өліспей беріспейміз деп кетпей қойды.
Жалпы шаһарда 38 мектепке дейінгі мекеме және 23 шағын орталықтар бар. Артығымен қабылдаса да, онда бөбектерді сыйғызу мүмкін емес. Себебі облыс орталығының өзінде 25 мың сәби кезегін күтуде.