Таразда базар астынан табылған тарихи жәдігер батпаққа айналды

Орталықтағы бұрынғы «Көк базардың» саудагерлерін тырқырата қуған жергілікті билік, онда қазба жұмысын жүргізуге пәрмен берген. Облыстық  қазынадан қыруар қаржы бөлініп, археологтар зерттеуге шұғыл кірісті. Мамандар «Ежелгі Тараздың» орнынан тарихи құндылықтарды олжалады. Алайда, сол көне жәдігерлердің бүгінгі жай-күйі қоғамдық ұйым белсенділерінің наразылығын туғызды.

Нұрлан Қанатов, «Шаңырақ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

-Бұл жерде мысалы кезінде саман кірпіштен істелген ғой. Өздеріңіз білесіздер ғой балшыққа су тисе былжырап кететінін. Енді мына бүкіл тарихи жәдігерлеріміз қардың астында қалып отыр. Ертең көктемде не болады бұл мәселе.

-Археологтарды өзі ісіне немқұрайлы қарады деп айыптаған Қанатов мырзаның айтуынша, қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан 4 компанияға тек консервация үшін 50 млн. теңге бөлінген. Алайда әзірге жалғыз мердігер өзіне тиесілі аумақтың төбесін жауып үлгерген. Ал, өзгелері ұлттық құндылық үшін бас ауыртпайтын сыңайлы.

Мәдени-мұраның қарға көміліп жатқанын көре тұра қазба жұмысын жүргізіп жатқандар даурығатын негіз жоқ деп отыр. Айтуларынша, бәрі талап пен кестеге сәкес атқарылуда. Ал, мәселе көтергендерге қатысы жоқ іске бас сұқпауға кеңес берді.


Ескендір Тұрбеков, археолог:

-Әркім өзінің білетін шаруасымен  айналысу керек.Бұл азаматтың не үшін шу шығарып жүргенін түсінбедім. Оның археолгиядан түк хабары жоқ қой. Біздің басымыз екеу емес, бүлініп жатқан ештеме жоқ.  Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін уақыт көрсетеді.

Қазір қармен қабаттаса археологтар жәдігерлерді сақтап қалу үшін бастырма салып жанталасуда. Күннің суығына қарамай білек сыбана кіріскендер, қазба байлықтың бүлінбейтініне кепілдік береді.