Таразда базарды жармақ болғандар сотталды

Былтыр Конституция күні шаһардағы ең ірі «Ауыл- Береке» базарында жойқын жарылыс бола жаздаған. Жеңіл көлікті газ балондары мен бензин құтыға толтырған қаскөйлер оны сауда орталығы ішінде өртеп жіберді. Қайта жалын дер кезінде өшірілді. Осы оқиға бойынша бәсекелес базардың бір қызметкері күдікті ретінде ұсталған болатын. Сот үкімі бүгін соларға шығып отыр.

Талғат Сырлыбаев, судья:

-Сотталғандар Оспанқұлов, Жүнісқадыров 4 жыл, 8 ай , Шахбатыровқа 4 жыл, 6 айға басбостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өтегеновке және Қожабаевқа 4 жыл, 3 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қоғамды дүрліктірген аты шулы процес бір судьядан, екіншісіне өтіп ақыры «терроризм» бабы бойынша қаралатын болған. Сондықтан бес айыпталушы ауыр жазаға тартылады деп күтілген еді. Алайда, соңғы сәтте тағылған айып бұзақылыққа ауысып, қаскөйлердің жазасы жеңілдеді. Сотталғандардың туыстары сонда да судья қатал шешім шығарды деп отыр.

Айдарбек Жақсылықов, адвокат:

-Біз әлі Жоғары сатылы сотқа, яғни апелляциялық сот алқасына шағым түсіреміз.

«Ауыл берекеден» «Орталық» базарға тұтынушыларды қорқытып келтірмек болғандар ақыры түрмеге қамалып тынды. Алайда, осы бесеудің артында кімдердің тұрғаны, тапсырыстың кімнен түскені жабық күйінде қалып тұр. Біреу айдап салмаса, қарапайым азаматтардың өздігінен адам шошырлық әрекетке барады дегенге сену қиын. 

Loading...