Осыдан екі жыл бұрын атқамінерлер орталықтағы «Көк базарды» көшіріп, атын өшіріп, саудагерлерді тарыдай жан-жаққа шашып жіберген еді. Жылы орыннан қозғалған кәсіпкерлердің содан бері жағдайлары оңала қоймапты. Заман талабына сай базарда отырғанымен, оған келетін адам жоқ. Мұны жұрт сауда орындарының көптігімен байланыстырады.
Әдемхан Маманова, саудагер:
- Таразда 35 базар ашылды дейді. Менімше бұлай болмауы тиіс.
Людмила Павлихина, саудагер:
- Екі жылдан бері отырмыз. Сауда жоқ. Банкрот болдық десек болады. Алған несиемізді қайтара алмай отырмыз. Талапқа сай келмейтін заңсыз жұмыс істеп жатқан базарлар қаптап кеткен.Олар салық та төлемейді. Солардың кесірінен біз қиындық көріп отырмыз.Олардың бәрін жауып немесе біріктіру қажет.
Орталық базар билік өкілдерінің пәрменімен салынған. Саудагерлердің басым бөлігі осында келуі тиіс болатын. Жалпы 20 мың орынға шақталғанымен, қазір соның 10 пайызына ғана адам орналасқан.
Базарбай Шақкөзов, Орталық базар бақылаушысы:
- Енді әкімшіліктен көмек берсе осы халыққа да, қаладағы базарлардың бәрін бір жерге шоғырландырса.
Тұрғындар қазір базардың қайсысына барарын, нені қайдан аларын білмей сандалып жүр. Іздегенін табу үшін 35 сауда орнын түгел аралап шығады. Оның үстіне кей базарлар талапқа сай емес. Кептелістерден ішке кіріп-шығуың да мұң. Мұндай мәселенің бар екенін мойындаған шенеуніктер жағдайды реттеуге енді кіріспек ойда.
Самат Үрпеков, Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы сауда бөлімінің басшысы:
- Ауыл Береке төңірегінде бар. Сол жерде де біраз базарлар бар. Біреуінің құжаты бар, біреуінде жоқ. Сол бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың ішінде де, ретсіз, қызыл сызықта тұрған базарлар кездеседі.
Сауда нысандарын біріктіру жоспары да бар көрінеді, бірақ нақты қашан екенін шенеунік ашып айтпады. Ал жуырда сауда орындарының жай-күйі қаралатын жиын өтпек. Талапқа сай келмейтін базарлардың тағдыры сонда шешілмек.