Таразда екінші рет «Аrt-Mix» халықаралық өнер фестивалі ашылуда

«Өнерде жаңа бағыттарды игеру, облыстың өнер қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатын тұтқан «Аrt-Mix» өнер семинарын кезекті рет халықаралық деңгейде өткізу мүмкіндігі туды», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Семинар аясында теориялық, практикалық сабақтар, бірлескен шығармашылық жұмыстар өтеді.

Тараздық «Аrt-Mix» семинарына театр, хореография, музыка және бейнелеу өнерінің жетекші қайраткерлері шақырылды.

Олардың арасында қазақстандық театр танушы Ахан Жалынбек, композитор Алдаберген Мырзабеков, театр танушы және режиссер Асхат Маеміров, театр педагогы Дәмеш Арынғазиева, суретші Сәуле Сүлейменова-Базарғалиева, хореограф Байдәулет Сазабеков, суретші Вепа Амансахедов, хореограф Гүлмира Ғаббасова, өнер академиясының профессоры Мұрат Әбзелбаев, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Айтжан Тоқтаған, Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сәуле Жанпейісова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Біләл Ысқақов бар.

«Аrt-Mix» өнер фестивалі 29 мамырдан бастап 2 маусымға дейін жалғасады. Оның ұйымдастырушылары - Жамбыл облыстық әкімдігі мен облыстық халық шығармашылығы орталығы.