Лаңкестерге қарсы тұрған «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасов қаза тапқан жерде, Тараздың орталығында орналасқан Қазыбек би көшесінде гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою үшін жүздеген адам келді, оның ішінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары, ІІБ ардагерлері, облыс және қала басшылығы, құқық қорғау органдарының басшылары, Тараз гарнизонының жеке құрамы және БАҚ өкілдері бар.
«Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсейітов - бұл қаупсіздікті сақтау ісінде нағыз отансүйгіштігін дәлелдеген полицейлер. Олардың есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған, - деді облыстық ІІД басшысы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов. - Олардың ерлігі біздің жүрегімізде. Батырдың аты өлмейді, дейді халық. Оларға арнап ескерткіш орнатқан себебіміз - кейінгі ұрпақ қазіргі уақытта да нағыз ерлер бар екенін білуі тиіс».
«Тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін жандарын пида етті. Лаңкес бейбіт азаматтарға оқ жаудыра бастағанда, Ғазиз Байтасов ойланбастан оларды құтқару үшін өзін құрбан етті», - деді Жамбыл гарнизонының басшысы.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен қызмет бабында қаза тапқан Жамбыл облыстық ІІД-інің жол полициясы батальонының бірінші взводының командирі Ғазиз Байтасовқа қызмет бабындағы ерлігі мен батылдығы үшін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Байзақ ауданындағы Ғазиз Байтасовтың туған ауылы Түймекенттегі мектепке батырдың есімі берілді, Сарыкемер ауданының орталығында мемориалдық тақта орнатылды. Ал Тараздағы ІІД-інің саяжолында «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың мүсіні қойылды. Полиция қызметкерлері Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітов қаза тапқан жерде де шаралар өтті.
Еске сала кетейік, Таразда 2011 жылы 12 қарашада жихадшылардың қолымен жасалған қылмыс салдарынан 7 адам ажал құшты. Оның бесеуі құқық қорғау органдарының қызметкерлері болса, екеуі - қарапайым азаматтар. Сонымен қатар 3 тәртіп сақшысы жарақаттанды.