-Басты жол міне. Осы жерден жауып тастаған, бітті. Арғы жағында көше бар. Бермей отыр суды.
Тамшы су ақпағандықтан қазір жұрттың бау-бақша ұстауға да зауқы жоқ. Өйткені еккен дәннің көктей солатынын жақсы біледі. Олар осымен үшінші жыл ағын судың тапшылығын көруде. Ал тіршілік нәрі жетпесе де, оның ақысы ұдайы келіп тұрады екен.
Орынтай Әшімова, Тараз қаласының тұрғыны:
-Бізге судың ақшасын төлеңдер дейді. Біз қалай төлейміз. Егер су алмасақ. Түбіртекте 1500 деп келіп жатыр.
Жалпы саны 60-қа жуық тұрғын қуаңшылықтың зардабын көруде. Барлығы жиналып, қыңыр көршіні қарайласуға көндіре алмапты. Рұқсатсыз алсаң сотқа сүйреймін дейтін көрінеді. Оған негіз де жоқ емес. Осыдан үш жыл бұрын арықты меншіктеп алып, онысын сотта дәлелдеген.
Берік Қарабеков, Тараз қаласының тұрғыны:
-Әкімдіктегілер мемлекеттік акт беріп қойған. Өзінің жеріне қосып алды. Сот істі бір жақты қарады. Бізді тыңдамады, жабық өтті. Іс мына кісінің пайдасына шешілді. Желтоқсан көшесі 251-дің.
Ал арыққа иелік етіп отырған Зоя Тростянская ағын судан өзі зардап шеккенін айтуда. Су ылғи арнасынан асып, толарсақтан саз кешемін дейді.
Зоя Тростянская, Тараз қаласының тұрғыны:
-Бұл жерде арық болмауы тиіс. Жалғыз мен емес, арғы жақтағы тұрғындар да жапа шегіп отыр. Ауланы су басып, дуалға дейін келеді. Оған кім жауап береді? Арық үйден 3 метр жерде болу керек. Ал ол тым жақын орналасқан. Жерді заңды түрде рәсімдедім. Оған ешкімнің күмәні болмасын.
Жер қатынастарының өкілдері оны қуаттап отыр. Айтуларынша, кезінде комиссия құрылып, жерді меншіктеп берген. Алайда арнаға тікелей жауапты мамандар рұқсат бермеген болып шықты.
Хасият Мадаминова, «Тараз ирригация» ЖШС директорының орынбасары:
-Арықты бұзуға, жабуға ешкімнің құқы жоқ. Жекенің қолына да өтпеуі тиіс. Комиссия құрамында біздің мамандар болған жоқ. Арнаны қалай заңдастырып алғанын түсінбеймін.
Талас суынан туындаған тартыстың әлі жалғасатын түрі бар. Енді тұрғындар атқамінерлердің өздерін сотқа сүйремек. Әрі ортақ игілікті кері қайтарып алу үшін апелляциялық шағым әзірлеуде.