Таразда пәтері жоқ жалғызбасты ана қаңғып жүр

Өткен жылы далада түнеп жүрген келіншекті жеті баласымен әкімдік екі бөлмелі пәтерге қоныстантырған. Алайда, бірнеше айдан соң баспананың қожайыны табылып, оны қуып шығыпты. Қайырымды жандар жалғыз басты әйелге қамқор бейіл танытып, жарығы мен жылуы жоқ болса да жатаханадан қуықтай бөлмені тауып берген. Енді оның да иесі шығып, кет-кеттің астында қалды.

-Бардым  әкімшілікке. Міне қуықтай жерде балам күйіп қалды. Сабаққа жібере алмай отырмын. Кімнен көмек сұрауым керек енді менің? Не пәтер алмайды бізді. Бала-шағаң көп деп. Бала-шағамды өлтіріп тастауым керек пе енді?

Шағын бөлмеде айналып жүру мүмкін емес. Баланың сабағы да осында оқылып, тамағы да осы жерде әзірленеді. Күн суытқан сайын күн көру қамы қиындап барады. Сондықтан ашынған ана беттің арын белге буып, әкімнің өзінен пәтер сұрауға барды. Алайда, үкілеп үміт артқан шенділер, жесір келіншектің көңілін күпті етті. Бір сөзбен уақытша болса да баспана тауып бере алмаймыз деп отыр.


Шыңғыс Егембердиев, Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

-Заңға сәйкес кезегі келгенде алады. Басқа басымдық жоқ. Тек қана ҰОС ардагерлерімен жетім балаларға бар. Енді ешқандай көмек жәрдем бере алмайсыз дар ғой?

-Көмек көрсете алмаймыз.

 Жанар Қуандықова, көп балалы ана:

-Қайда барам?. Осы кісілерден көмек болмаса кімнен көмек болады маған?

Өткен жылы ғана кезекке тұрған әйелге пәтер қашан бұйырары белгісіз. Баспана іздеп жүріп балалары да шетінен аурушаң. Мектепке баратындарының да қыстық киімдері жоқ. Өзінің аула сыпырып тапқан табысы түкке жетпейді. Осындай әуремен жүрген әйел қаржы тапшылығынан алтын алқаға іліне алмай жүр. Ал, енді бірер күнде қораға тең пәтерінен ажыраса, жеті баласымен қайда барары белгісіз.