Таразда салықтан жалтарғаны үшін спирт зауытының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылдың 5 ақпанында департаменттің жедел тергеу тобы кәсіпорын ауласынан шыққан төрт бірдей алып жүк көліктерінің ізіне түскен. Ұстаған сәтте олардан автоцистерналарда пломба қойылмаған, ілеспе құжаттары жоқ 104 тонна этил спирті табылды.

"Жүргізушілер ұялы телефонмен қоңырау шалғаннан кейін оқиға орнына "БМ" ЖШС деп аталатын мүлдем басқа кәсіпорынның экспедиторы келген. Ол құны 20 млн 800 мың теңге тұратын спирттің "БН винзавод Петропавловск" ЖШС кәсіпорнына жөнелтілгендігі туралы құжаттарды көрсеткен. Келісім-шарттарындағы қателіктер мен түзетулер күдік тудырған. Ал "БН винзавод Петропавловск" ЖШС-інде жүргізілген қарама-қарсы тексеру бұл кәсіпорынның жыл басынан бері "Тараз" ЖШС мен "БМ" ЖШС-нің ешқайсысынан да спирт сатып алмағаны анықталды", -деп хабарлайды ҰҚКД баспасөз қызметі.

Бұдан кейін оқиғаның теріс беталғанын байқаған "Тараз" ЖШС-нің басшылығы ұсталған спирт өздеріне тиесілі емес деген мәлімдеме жасаған. Алайда, "Тараз" ЖШС мен ұсталған автоцистерналардан алынған сынамалардың сот -медициналық сараптамасы олардың химиялық құрамы мен басқа да сипаттамаларының бірдей екендігін көрсеткен.

Спирт ұсталу дерегі бойынша облыстық департамент ҚР Қылмыстық кодексінің 222 -бабының 1-тармағы бойынша (Ұйымдардың салықтан жалтаруы) қылмыстық іс қозғады.

Сонымен бірге ҰҚКД облыстық прокуратураның санкциясымен "Тараз" ЖШС-іне тексеру жүргізді. Нәтижесінде 895 569 бөтелке арақ пен 1441 тонна спирттің жетпейтінін анықтады. Осы дерек бойынша да аталған баппен қылмыстық іс қозғалды. Осындай тексеру "БМ" ЖШС-інде де жүргізілуде.