Өзбекстаннан көшіп келген Тәжиевтар отбасы үш жыл бұрын 10 сотық жерді 600 мың теңгеге сатып алып, екі бөлмелі баспана тұрғызған. Құрылыс жұмысына да қыруар қаржы жұмсадым деп отыр. Қоныс тойын өткізуге әзір жүрген ерлі-зайыптының енді үш баласымен далада қалатын түрі бар.
Бақыт Тәжиев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Жерлерің қызыл жолақта дейді. Жерлерің кетеді дейді.
Жамбыл ауданынан екі жүзге жуық тұрғынға жер телімдері «Тараз су» мекемесінің ұңғымасы маңынан тегін берілген. Кейін бұл аумақ қала құрамына кіріпті. Жер дауы осы тұста басталған. Нысанның төңірегін санитарлық аумаққа жатқызған билік алқапты пайдалануға қарсы шығыпты.
Берік Сәдиев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Сол кезде неге ойламаған олар? Бұрында неге берген әкім, бәленбай ақша бердік қой осы жерді алу үшін. Енді Аса жақтан беремін дейді, ол жақтан не қыламын, ешкімді танымаймын.
Тұрғындар жазық далаға әлдебір дөкей көз тіккен деп топшылайды. Ал қала билігі бұл жағдай үшін алқаптты зерттемей үлестірген Жамбыл ауданының бұрынғы басшыларын кінәлайды. Бірақ бұл пікірлерін камераға айтудан бас тартқандар мәселеге қатысты түсінік беруге де жарамады.
- Соттың шешімі шықпай жатып қалай береміз?
– Демек ақпарат бере алмайсыздар ғой?
– Жоқ, бере алмаймыз.
«Тараз су» мекемесі мен тұрғындар бірнеше жылдан бері соттасып жатыр. Ал ушыққан жер дауы қала әкімінің алдында талай мәрте көтерілген. Көп көріне бермейтін шенунікке өзінің есеп беру жиынында бұқара осы сұрақты тағы қойған еді. Бірақ Нұржан Календиров онда да жұртты жұбата алмаған.
Нұржан Календиров, Тараз қаласының әкімі:
- Шын мәнінде заңсыз. Бүкіл 400 мың халқы бар қала сол жерден су ішіп отыр. 173 участоктің мәселесі қазір сотта қаралып жатыр. Сотта қаралған мәселені біз қозғамай-ақ қоялық.
- Жұрттың айтуынша, 170-тен асатын жер телімінің тағдыры қыл ұшында тұр. Ондаған тұрғын баспана салып үлгерген. Кейбір азамттар мына секілді үйдің ірге тасын енді қалап жатыр. Бірақ шенділер құрылыс жұмыстарын жүргізгенге шекттеу қойып жатқан көрінеді. Себебі бұл нысандар түбінде бәрібір сүрілуі мүмкін.
Loading...