Орталыққа тез үйренген Серік Басманов бөгде адамдармен тілдескісі жоқ. Өзін бейнекамераға түсіруге де қарсылық білдірді. Ол қорғаншы және қамқоршы кеңесінің қаулысымен осында жеткізілген. Анасына қатысты тергеу аяқталғанша бейімдеу мекемесінде болмақ. Қазір онымен психологтар жұмыс жасап жатыр. Алған жарақаты да жазылып қалған. Ал шешесіне сол күйі шаң жуытпапты.
Тоқжан Татаева, Жамбыл облыстық кәмлетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры:
-Анасы келіп тұрады.Анасымен қарым-қатынасы жақсы. Ешқандай ұрыс-керіс жоқ ортасында. Анасы да, бала да бір- бірін өте жақсы көріп тұр.
Өз баласына тағылық танытқан келіншектің әрекеті көптің жағасын ұстатты. Тәнінің сау жері жоқ бүлдіршінді дүкен сатушылары байқаған еді. Алғашқы көмек көрсеткен де солар. Бұл жағдай құзырлы орынның назарына ілігіп, 42 жастағы қатыгез әйел енді қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Ол, ұлын тәртіпке салу үшін қол жұмсадым деп ақталды.
Елмира Сүлейманова, оқиға куәгері :
- Баласын соншалықты сабайтындай не себеп болды екен?Таңқалғаным кішкентай бала үстіндегі жарақаттарды ауырсынып тұрған жоқ. Денесін үтікпен күйдірген болуы керек,қызарып тұр. Мақтамен сүрткеннің өзінде қыңқ етпеді. Меніңше анасының психологиялық ауытқушылығы бар.
Баласын ұрамын деп басы бәлеге қалған жалғызбасты келіншек қазір тергеліп жатыр. Перзентімен тек көріскені болмаса, қолына алуға хақысы жоқ. Сотта оның кінәсі дәлелденсе, ең кемі қомақты айыппыұл төлейді немесе 75 тәулікке қамалады.
Loading...