Мәлім болған ақпаратқа сәйкес, 22-наурызға қараған түні капитан Жандос Бектаиров "Боран" мобильді тобының күшін толықтыру үшін жіберіледі. Темір жол бекетінің маңында тәртіп сақшылары ішінде беймәлім екі адамы бар, номерсіз автокөлікті көреді. Ж.Бектаиров адамдардың аты-жөнін білу үшін автокөлікке таяп барған. Сол сәтте көлікте отырғандар оқ атып, ол тәртіп сақшысының самайынан тиеді. Күдіктілер оқиға орнынан іздерін жасырып үлгереді.
Жаралы капитан ауруханаға жеткізіліп, 6 сағаттан кейін қайтыс болады. Қаза тапқан тәртіп сақшысының екі баласы жетім қалды.
Тексеру барысында белгілі болғанындай, учаске инспекторында қару болмаған. Қылмыс орнынан МП-461 "Стражник" деп аталатын тапанша табылды.
Қазіргі жағдаймен кісі өлтірген күдіктілердің аты-жөні анықталды. Олар іздестіріліп жатыр.