Оқыс оқиға мамырдың 6-сынан 7-сіне қараған түні болған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, подполковник Қанат Арықбаев жауынгерлік кезекшілікте отырған капитанға қателіктерін санамалап берсе керек. Бұл жайтқа капитанның көмекшісі куәгер болған. Бұдан кейін бөлмеде жеке қалған подполковник пен капитанның арасында не болғаны белгісіз. Алайда, қызметтестерінің айтуынша, олар бөлмеге кіріп келген кезде еденде жатқан подполковникті көтеріп алмақ болып әрекеттенген капитан соңынан өзін-өзі қақ шекеден атып жіберген.
Екі офицер де ауыр ахуалда әскери госпитальға жеткізілді. 10-мамырда кешкі сағат 17 шамасында подполковник қайтыс болды. Қазір осы іс бойынша тергеу жүргізілуде.
Қазір белгілі болғанындай, подполковник Қ.Арықбаев "Оңтүстік" аймақтық командованиесінің радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғаныс қызметінің бастығы болып істеген. 7-мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл облыстық әкімшілігінде оған облыс әкімінің атынан құрмет грамотасы табыс етілуі тиіс еді.