Бүгін де президент аймақтағы әлеуметтік нысандардың бірнешеуін аралап көрді. Көне шаһар орнындағы қазба жұмыстарының жүру барысына қанығып, оң бағасын берді. Соңғысы, күкірт қышқылы зауытына келгенде қуырдақтың көкесі басталды. Қанат Бозымбаевтың баяндамасын Елбасы ескертулермен жиі-жиі үзіп отырды. Аймақта әсіресе, үдемелі индустриалды-инновациялық жобалар ақсап тұр. Жүзеге асуы тиіс 38 жобаның 29-ы іске қосылса, оның бесеуінің тірлігі тұралаған. Тіпті, Мойықұм ауданындағы цемент зауыты ашылмай жатып жабылыпты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мерзімінде іске қосылған жоқ. Тапсырылған маңызды істі аяқтаған жоқсың. Жұмыс істемейтін нысан туралы неге баяндайсыңдар ?
Аймақта 19 мектеп апатты жағдайда. Зілзала бола қалса, төбесі опырылып, еденіне түсуі мүмкін. Бұл жайында облыс әкімі Қанат Алдабергенұлының өзі айтып берді. Әлі күнге үш ауысымда оқитын білім ошақтары бар екенін де жасырмады. Өзекті мәселелер келер жылы шешімін табады деп елбасының алдында ант-су ішті.
Ішкі істер департаменті басшысының мәліметтері де Елбасының көңілін көншіткен жоқ. Сегіз айда мыңнан аса жол апаты болып, 282 адам ажал құшқан.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Айтып тұрғаныңның бәрі бос сандырақ. Жолдағы адам өлімін азайтыңдар. Сонда ғана айтқандарыңа сенемін.
Ал, ауыл шаруашылығына жауапты облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев, президенттің сауалдарына жауап бере алмай, абдырап қалды. Елбасының сынынан кейін сасқалақтаған шендінің орнына, Қанат Бозымбаевтың өзі жауап берді. Алайда бұл саланың көрсеткіштері де мемлекет басшысының күпті көңілін орнына түсіре алған жоқ. Дегенмен жамбылдық шенеуніктердің жұмысын қорытындылай келе Нұрсұлтан Назарбаев өңіріде атқарылып жатқан шаруларға оң бағасын берді.