Тараздық кәсіпкер жасыл желекті отап, орнына жанармай бекеттерін салып жатыр

Әзиза Дәулетова, Тараз қаласының тұрғыны:

-Не деген сұмдық? Ана жерде балабақша  салып жатыр. Оның қасынан жанармай құю бекетін  салып жатыр. Айналдырған 2-3 гектар жерде, ол ұят емес пе? Қайта егу керек талды. Неге қырқасыңдар? Біздің отыратын демалыс орындарымыз. Балаларымыз демалады,неге халықты аямайсыңдар?

Қырық жылдан бері жайқалып тұрған шаһардағы жалғыз тоғай жұрттың көз алдында жойылып жатыр. Кәсіпкер елуге жуық ағашты қопарып үлгерген.  Бұған тұрғындар қарсы шығып, жауапты мекемелерге арыз түсіргенімен, еш нәтиже жоқ. Экологтардың айтуынша, оталған орманды қайта жайқалтуға ондаған жыл қажет. Олар кесілген ағаштың орнына жас көшеттер отырғызылады дегенге де күмәнмен қарауда. Ал демалыс орнына құрылыс жұмысын жүргізу үшін халықпен санасуы керек. Бірақ мұндай талап бұл жолы ескерусіз қалған.  Кәсіпкердің де алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Тіпті   әкімдіктегілер оған рұқсат беріп қойған сияқты. 


Ермек Сәкішев, кәсіпкер:

- Барлық құжаттарымыз бар. Ағаш кесуге де рұқсат алғанбыз. Өйткені бұл – жекеменшік жеріміз. Қазір біз Тараздың нарығына енсек дейміз. Сол үшін ЕУРО- 5 стандартымен 3 бағаналы, 6 көлік сиятын жанармай бекетін саламыз.