Сарапшылар тенденция осылай сақталса, өткен жылғы деңгейге жақындауы немесе одан асып түсуі мүмкін деген пікірде. Жамбыл облысында тіркелген қанды қылмыстар легі қоғамды алаңдатып қойды. Жаңа оқу жылының алғашқы екі аптасында үш жасөспірімнің өлімі орын алды. Аталмыш оқиғалардан кейін сарапшылар мен депутаттар мектептегі тәртіп тақырыбын және бірқатар шектеулерді енгізуді күн тәртібіне шығарды. Caravan.kz медиа порталы саралап көрді.
Мәжіліс депутаттары мектептерде смартфон қолдануды шектеуді ұсынып отыр. Депутаттық сауалдың бастамашысы Елнұр Бейсенбаев гаджеттердің қосарлы зиянын алға тартты. Айтуынша, смартфон оқудан алаңдатып, оқушылардың психологиялық тұрақтылығын әлсіретеді.
«Балалардың цифрлық ортада үнемі болуы тірі қарым-қатынас жасау мен жанжалдарды бейбіт жолмен шешу дағдыларын қалыптастыру қабілетін төмендетеді. Мектептегі тәрбиелік жұмыс ақсап тұр, психологтар жетіспей жатыр, сондықтан смартфондар оқушылардың шынайы өмірден, соның ішінде оқу мен қарым-қатынас проблемаларынан қашуының құралына айналып отыр», - дейді ол.
Аталған шектеулер әлем елдерінде қолданыста бар.
Францияда 2018 жылдан бері мектептің барлық деңгейінде смартфон қолдануға тыйым салынған. Нидерланды елінде де 2024 жылдың қаңтарынан бастап сабақта телефон қолдануға шектеу енгізілді. Қытайда бұған дейін-ақ балалар мен жасөспірімдердің экран алдындағы уақытын қысқарту бойынша қатаң шаралар қабылданып, сабақта смартфонға тыйым салынды және бейнеойын ойнау уақыты шектелді.
Қазақстандық депутаттар бұл бастаманың бірегей емес, жаһандық үрдістің бөлігі екенін атап көрсетеді. Мұндай шаралар жасөспірімдер қылмысының алдын алу мен девиантты мінез-құлықты төмендетудің тетігі ретінде қарастырылуда.
Дегенмен, бұл бастамаға кедергі болатын жайттар да жоқ емес. Сабақ кезінде телефон қолдануға заңнамалық тыйым 2024 жылдың басында енгізілген. Бүгінде оқушылар сабақта гаджет пайдалана алмайды, бірақ үзілісте және мектептен тыс уақытта қайтадан қолдана береді. Жаңа ұсыныстар тек оқу уақытын ғана емес, мектепке смартфон әкелуге толық тыйым салу сияқты кеңірек регламенттеуді де қамтуы мүмкін. Мұндай шара ата-аналардың, әсіресе телефонды баланың қауіпсіздігі мен байланысы үшін қажет деп санайтындардың қарсылығын туғызуы ықтимал. Елде мектептердің қауіпсіздігі мен төтенше жағдайларға ден қою мәселесі әлі өзекті болып тұрғандықтан, бұл уәж салмақты көрінеді.
Сонымен бірге статистика смартфондардың көптеген проблемалардың фонына айналғанын көрсетеді. Білім беру министрлігінің есептерінде кибербуллингтің және әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдердің қауіпті топтар мен деструктивті флешмобтарға тартылу жағдайларының өскені аталды.
Бас прокуратура деректеріне сәйкес, 2024 жылы кәмелетке толмағандар қатысқан қылмыстардың шамамен 15%-ы онлайн-белсенділікпен тікелей немесе жанама байланысты болған. Бұл смартфондардың тек қарым-қатынас құралы емес, сонымен қатар қылмыстық әлеуметтенудің арнасына айналып отырғанын білдіреді.
Алайда смартфондар қылмыстың негізгі себебі емес. Социология және психология саласындағы сарапшылар олар тек қоғамда бар үрдістерді күшейтетінін айтады. Атап айтқанда, ата-аналардың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі, мектеп психологтарының жетіспеуі, тәрбиелік бағдарламалардың формалдығы.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстандағы мектептердің әрқайсысына орта есеппен бірден аз білікті психолог келеді. Кейбір ауылдық мектептерде мұндай мамандар мүлде жоқ.
Халықаралық тәжірибе смартфон шектеулерінің тек мектеп ортасында жүйелі өзгерістермен қатар жүрсе ғана нәтиже беретінін көрсетеді. Францияда тыйыммен бірге қарым-қатынас пен әлеуметтік дағдыларды дамытуға бағытталған сыныптан тыс бағдарламаларды кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Қытайда шектеулермен қатар балалардың экраннан тыс уақытын өткізуіне мүмкіндік беретін қосымша білім беру және спорттық секциялар іске қосылды. Нидерландыда негізгі екпін мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар жұмысына жасалған. Қазақстандық бастама әзірге негізінен тыйым салуға бағытталып, тәрбиелік инфрақұрылымды дамыту ұсыныстарымен толықтырылған жоқ.
Қоғамдағы пікірталас та қарама-қайшы. Кейбір ата-аналар смартфондарды оқуға тікелей қауіп деп санап, бастаманы қолдайды. 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, ата-аналардың 58%-ы мектептерде телефондарды шектеу идеясын қолдайды, 24%-ы қарсы, 18%-ы жауап беруге қиналған. Қолдаушылардың басты уәждері: үлгерімнің артуы, алаңдатушы факторлардың азаюы және тәртіптің жақсаруы. Қарсы тарап қауіпсіздіктің төмендеу қаупін, сондай-ақ оқушылардың бәрібір мектептен тыс жерде гаджет қолданатынын алға тартады, ол жерде бақылау әлдеқайда әлсіз.
Қызығы, оқушылардың өздері де екіге бөлінген. Біреулері тыйымды артық деп, оны бостандықты шектеу ретінде көреді. Екіншілері телефондардың шынымен алаңдататынын мойындап, бұл шектеулер қызықты сыныптан тыс бағдарламалармен өтелсе, келісуге дайын.
Қазақстанда мектеп оқушылары арасындағы смартфонның таралу деңгейі 85%-дан асады. Оларды пайдалануды шектеу білім беру қосымшалары, мобильді контент пен телекоммуникациялық қызметтер нарығына сөзсіз әсер етеді. Сонымен қатар мектептер оқытудың баламалы түрлерін іздеуге мәжбүр болса, бұл бюджеттен қосымша шығындарды қажет етеді: үйірмелер, спорт секциялары мен психологиялық қолдау ұйымдастыру. Қазақстанның білімге жұмсайтын шығыны ЖІӨ-нің шамамен 3,8%-ын құрайтынын ескерсек, жүйеге түсетін кез келген жаңа салмақ мұқият есептелуі тиіс.
Смартфондарды шектеу бастамасы білім мен тәрбиенің арасындағы теңгерімнің бұзылғанын көрсететін индикаторға айналып отыр. Депутаттар соңғы жылдары қазақстандық мектеп академиялық көрсеткіштерге басымдық беріп, әлеуметтік дағдыларды дамытуға жеткілікті көңіл бөлмегенін әділ атап өтеді. Соның салдарынан жасөспірімдер жанжал шешуге және күрделі әлеуметтік ортада өмір сүруге дайын болмай шығады. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс статистикасы осыны айқын көрсетеді. Смартфондарды шектеу уақытша шара бола алады, бірақ ұзақ мерзімді нәтиже үшін мектептегі тәрбиелік жұмысты реформалауды, психологтар желісін кеңейтуді, отбасыны қолдауды және балаларды позитивті әлеуметтік тәжірибелерге тартуды қамтитын стратегия қажет.
Осылайша, еліміздегі смартфондар жөніндегі пікірталас технологиялық мәселе аясынан шығып, білім берудің болашағы мен елдің жасөспірімдер қылмысымен қалай күресетіні туралы әңгімеге айналып отыр. Тыйымдар мен шектеулер қысқа мерзімді нәтиже беруі мүмкін, бірақ кешенді шараларсыз олар формалдылық болып қалу қаупі бар. Халықаралық тәжірибе табысты стратегиялар қатаң ережелер мен позитивті баламалардың үйлесіміне негізделетінін көрсетеді. Қазақстан білім беру жүйесі осындай қадамдарға дайын ба, әлде тағы бір нормативтік тыйыммен шектеле ме, осыны шешуі керек. Қалай болғанда да жасөспірімдер қылмысы статистикасы мен мектептердегі қайғылы оқиғалар мәселені елемеуге мүмкіндік бермейді, демек смартфондар жөніндегі пікірталас ауқымды өзгерістердің бастауы ғана болмақ.