Тарихи тамырымыздан басталатын қайсарлықтың белгісін бүгінде бүкіл саладан көруге болады

Тарихи деректер, расында, көшпенділердің қайсарлығымен танылғанын көрсетеді. Сонау Герадоттан бастап, Марко Поло жалғаған, Гумилевке дейінгі тарихшылар осындай мәлімет қалдырғаны белгілі, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Осындай қайсарлықтың жалғасы бүгінгі Қазақстанда да көрініс тауып отыр. Сонау тәуелсіздік алған тұста әлемдегі ядролық арсенал бойынша төртінші орында тұрған еліміз одан өз еркімен бас тартуы қайсарлықтың жарқын мысалы. Халқымыз атомды тек бейбіт мақсатқа қолдануға шын сенді. Екінің бірі мұндай қадамға бара алмайтыны түсінікті.

Қайсарлық деген алапат күш қана емес, өз ұстанымында қатаң тұра алу дегенді білдіреді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бастапқы ұстанымынан айныған жоқ. Көпжақты саясаттың арқасында әлемде бейбітсүйгіш мемлекет ретінде танылды.

Сондықтан шығар, әлем елдері Қазақстанды бейбіт алаңы ретінде қарастырады. БҰҰ Ауғанстаннан өз миссиясын әкеткенде, Алматыға орналастыру да еліміздің ұстанымын айғақтай түседі. Қазақстан бірқатар жаһандық бастамаларға мұрындық болды. Іргелі ұйымдардың негізін қалауға атсалысты.

Халқымыздың қайсарлығының арқасында бүгінде экономикалық және саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Кейінгі бірнеше жылда саяси реформалар пакеті жүзеге асты. Президенттің құзіретінен бастап, ауыл әкімін сайлауға дейінгі өзгерістер жасалды. Парламентте, билік құзіретін бөлуде де айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік.

Экономикалық тұрғыда да алға жылжу бар. Ірі жобалар жүзеге асырылып, Қазақстанның инвестициялық ахуалы жақсарып келеді. Елімізде Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі транзиттік хабқа айналдыру жұмысы да белсенді жүріп жатыр. Сауда саласында да ілгерілеу байқалады. Былтыр сыртқы сауда айналымы 140 миллиард долларды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 3,2 есеге ұлғайды.

"Қысқасы, тарихи тамырымыздан басталатын қайсарлықтың белгісін бүгінде бүкіл саладан көруге болады", - деді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.