Астанадағы кездесу жемісті өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақстан Ресеймен ТМД, ЕАЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа да маңызды өңірлік ұйымдар аясында жұмыс істейді.
"Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз әрдайым екі мемлекеттің мүддесін барынша ескеретін байыпты шешім қабылдаймыз", - деді, Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі жылы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. Қазір Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді. Қазақстан да Ресей үшін ТОП-5 сауда серіктесі болып отыр.
2026 жылы өзара тауар айналымы 30 миллиард долларға жетуі тиіс. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті.
Өнеркәсіптік кооперацияда айтарлықтай табысқа қол жеткізілген. Жалпы сомасы 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның бірқатар аймағына көгілдір отын жеткізу, Ресей энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын ауқымды бастамалар ретінде қарастыруға болады.
"Алдымызда негізгі күрежолдарды дамыту арқылы транзит әлеуетін барынша пайдалану міндеті тұр. Сонымен қатар біз жаңа жобаларды жүзеге асыру перспективасын, әсіресе, Моңғолияға дейін автокөлік жолын салу және Трансауған көлік дәлізін белсенді қолдану мәселелерін талқыладық. «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы аталған барлық бастамаларды іске асыру достас халықтардың түпкілікті мүддесіне толық сай келетініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттік сапар барысында Қазақстан мен Ресей президенттері ҚазҰУ-дің Омбыдағы филиалын ресми түрде ашты. Келесі жылы мен Омбыға барып ашық лекция оқып келуім ғажап емес. Ресейде тұңғыш рет ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалына талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді.
Осының бәрін көрген Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтты.
"Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді, – деді Ресей Президенті Владимир Путин.
"Менің ойымша тарихта қазақ жерінен риза болып қайтпаған президент жоқ. Келгеннің көңілін таба білу, ерегеспей өз мүддеңді ақылды қорғау - Ақорда ұстанған ең тиімді саясат. Аю мен Айдаһар арасында қысыла отырып, әр қазақтың өмірін аман алып қалу шеберлігін кезінде Абылай хан көрсеткен еді", - деп пікір білдірді Айбар Олжаев.
Түркістанда жатқан қазақтың ең кәсіпқой ханының рухы кешегі Ақорда маневріне риза болғаны анық. Өлі разы болмай, тірі байымайды. Абылай хан әруағын разы еткен қазақ халқы қазіргі аумалы-төкпелі заманнан шашау шығармай, соғыспай өтіп алса, ары қарай бізді ешкім тоқтата алмайды.