Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, полицияға диспансердің дәрігерлері науқастардың үстінен шағымдана келген. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары құрт ауруының ашық түрімен ауратын үш науқастан 0,2 , 0,9 және 0,76 грамм героин тапты. Сонымен бірге олардан психотроптық заттар мен 90 мың теңге шықты.
28, 35 және 40 жастағы үш жігіт есірткі сақтағаны үшін ұсталды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Полицияның хабарлауынша, сондай-ақ, Хромтау ауданында 26 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол қарасора салынған қаптарды сүйретпемен әкеле жатқан. Тәртіп сақшыларының айтуынша, есірткілі заттардың жалпы салмағы 24 килограмм болды. Алдын-ала тергеуде ол "қарасораны қаланың сыртынан шауып алдым және оны өзім тұтыну үшін дайындадым", деп мәлімдеді.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық істер кодексінің есірткіні заңсыз дайындау және сақтау жөніндегі 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.