«Көрші елдегі миллионнан астам қандастарымыздың мәдени-рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналған осы Апталық аясында көрермендердің ерекше ықыласпен қабыл алған фильмдері қатарында Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал» картинасы болды.
Соңғы жылдары экранға шығып, өз елімізбен қатар шет елдерде де көрермен назарына ұсынылған «Біржан сал» фильмі қазақстандық кино саласындағы ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетіміз бен рухани өміріміздегі шоқтығы биік оқиға», - дейді ҚР-ның ӨР-дағы Елшісінің мәдени-әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Мұхтар Кәрібай.
- Фильм бірден селт еткізерлік батыл шешіммен, алысты меңзеген өткір оймен, ұтымды эпизодпен басталады. Шетсіз, шексіз көсіліп жатқан қар басқан ақ дала, ғарышпен астасып жатқандай осынау есігі ашық кең дүние ешқашан тарылмастай, енді азғанада ата-бабадан қалған қайран қасиетті мекенді қабағы қату, ниеті бұзық бөтен бір жұрт келіп басы бүтін билемейтіндей, қапысыз, қамсыз, жайбарақат тіршілік күйін кешіп жатқан қазақ халқын еркіндік пен еркеліктің ақ бесігіндей тербеткен алаңсыз әлем. Алты алашты аузына қаратқан әйгілі ақын, әнші, сері Біржан бүгінде ағалық жасқа келіп, екінің бірінің басына бермейтін бұла дәуренді ғұмырының қазіргі шағымен, жан-дүниесінің мазасыз күйімен мазмұндас, мұңдас келетіндей табиғаттың мизамкөк деп аталатын, көпшілік сезе бермейтін тылсым сәтін тамашалап толқиды. Келесі үздікте түз тағысы көкжал бөріні қызығы таусылмас саят үшін қуып келе жатқан аттылы, тазылы топ, орталарында - Біржан. Кенет көкжалдың мойны астына бүктеліп, меңіреу даланы селт еткізген мылтықтың жалғыз оғынан ұшып түсті. Атқандар ақ патшаның солдаттары. Біржан бастаған сал-серілер тобы аңтарылып тоқтап қалды. Аппақ қарда қып-қызыл қанға бөгіп тыпырлап жатқан түз тағысын көрген Біржанның көзі қарауытып, жүрегі лоблыды. Ақ қар, қызыл қан... Бұл Біржандар іздегендей қаса сұлу шомылғанға ұқсайтын қимас, сұлу көрініс емес. Сезімтал сері жүрегі алдағы үлкен қасіреттің, апаттың белгісін айнымай таныды, расында көкжалдың тағдыры баяғыдан жеткен ескі аңыз бойынша сол көк бөрінің ұрпағы саналатын ен даланы еркін жайлаған туған халқының да басына төнген қара бұлт екенін анық аңғарды ақын. Жойқын күш бүгін алдыңдағы аңыңды алса, ертең атар таңыңды, басыңдағы бағыңды аларын бағамдады сезімтал жүрек.
Серілер тобын көрген ақ патша әскерінің бастығы «мыналар кім?» деп сұрайды. «Бұлар - даланың еркін адамдары» деген жауапты естіп, «еркін дейсің бе?» деп кекете күледі. Өйткені мына аңырған шағын топтың ғана емес, бүтіндей осы өлкені мекендеген қауымның бас еркіндігінің күні таянғаны бәрінен бұрын бұларға жақсы мәлім. Осылайша, өткен тарихтан азды-кемді түсінігі бар көрермен көңілінің әрдайым түкпірде жататын мұңды пернелерін қозғап өткен өткір сәттен басталған фильм ендігі кезекте көзден кеткенмен, көңілден кетпейтін көшпелі дәуірдің бүгінгі ұрпақ үшін алыста қалған буалдыр ортасына тарта жөнеледі.
Қаймағы бұзыла қоймаған қазақ ауылы... Анадайдан әртүрлі аңдар мен қиқулаған аққу бейнесіне енген сал-серілердің думанды келісі бұйығы ауылдың тұйық тірлігін дүр сілкіндіріп, ажарын ашып жіберді. Аттың екі бауырына былқ-сылқ құлап келе жатқан ерке топты ежелден қалыптасқан ерекше дәстүр бойынша ауылдың қыз-келіншектері алдарынан шығып кілемге салып көтеріп әкетіп жатыр. Серілер тобындағы сан түрлі өнер иелері өздеріне көрсетілген қапысыз, шынайы құрметтің құнын бойларындағы бар өнерін аямай төгіп, толық ақтайтыны аян. Әрине, олардың ішінде атағы жер жарған Біржан салдың жөні бөлек, жиылған қауымның тағатсыздана күткені де сол. Баяғы, Мұхаң жазатындай аға әншінің саңлақ, даңғыл, зор әуені... жайлау түнінің жұлдызды жарық аспанына шырқап, шаншылып ән кетіп жатты.
Серінің сәні мен әніне ынтық бойжеткен Ләйлім. Еліктің лағындай нәзік те үркек, сұңқардың балапанындай сымбатты һәм таза жас ару тұла бойын билеген бұла сезімін қазақ қыздарына тән батылдықпен, десе де ибалығы мен инабатынан жаңылмаған әсем бейнеде әдемілеп әнмен жеткізді. Өз әнін жас сұлудың таңғы шықтай таза үнінен естіген Біржан өнерінің өлместігіне көзі жетіп, бойын кернеген тебіреніс пен шаттықтан көңілі босады. Сұлулық пен сезім үшін жаралған Сері мен арудың арасында лап еткен ғашық оты. Көкше баурайының қою түнгі орманы бірін-бірі іздеп табысқан қос асықты құшағына алып, сырт көздерден жасыруға тырысқандай. Бірақ бұл кез Біржанның егде тартқан, балалы-шағалы ел ағасы болған алаңды, асулы шағы. Сондықтан айналадағы орта мен өмір талабы ақынның аласұрған күйін, кейіпкердің өзі сырын ашқандай ішін шоқ шыжғырған арпалысты халімен ымырасыз күреске ұласарына қайран жоқ.
Тарих доңғалағы тоқтаусыз айналып, заман беті басқа, бұлыңғыр арнаға бұрылған кезеңде көшпелі өркениеттің ажырамас бір сипатына айналған сал-серілік дәстүрдің де қадірі түсіп, салтанаты таусылып барады. Бұған дейін табандары жерге тимей, қайда бармасын қауымның асыға күткен қадірлі қонағына айналған, жастық дәуреннің естен кетпес жарқын бейнесі, ұмытылмас сұлу сәттері, ыстық елесі болған сал-серілер тобының енді дүлей қара күштің, кеудесін көр басқан мылқау, қараңғы жандардың соққысына жығылуы - бұрын-соңды болып көрмеген өрескел сұмдық, кеудені жаншитын ауыр қасірет еді. Басынан бағы тайған Біржанның да денесіне қамшы тиіп, қолына қыл арқан байланды. Мұның барлығы алда келе жатқан меңіреу, тас керең, алапат заманның суық ызғары болатын. Өйткені ән түгілі, сол әннің құдыретін асыратын қасиетті тілдің өзі құрдымға құламақ.
Салдың көңілін жаулаған жас арумен сезімі қимаса да сергек санасына жеңдіріп, өзінің де бойжеткеннің де абыройын ойлап, көкірегі қарс айрыла қоштасуы - келмеске кеткен серілік дәуренімен ғана емес, кеше ғана мәңгілік мызғымастай болып көрінген қайран заманмен, бүтін бір дәуірмен, көшпелі өркениетпен қош айтысуы екенін ақын біледі. Одан кейінгі өмірдің таза өнер үшін жаралған ақынның сыршыл, мұңшыл, сұлу да нәзік жан-дүниесі үшін мәні жоққа тән. Бұл дүниеде ендігі ұстап тұрған отбасы, жары мен жас балалары. Алайда, айналасындағы өзге қарапайым жұрттың қатарына қосылып, тіршілікке мойынсұнып қарабайыр күн кешуге сол баяғы басына ноқта түсіртпес асау сезім, азат мінез бен от-жалын жүрегі қайдан көне қойсын. Асылы, әрдайым өз замандарынан бірнеше ғасырға озып туатын талант иелеріне ғана тән Ақынның аспандағы көңілімен жердегі, маңайындағы ағайын арасында бітіспес, түсініспес қайшылық туарлығы қапысыз. Олар - көп, бұл жалғыз. Ақыры, қараңғылықтың соқыр, жойқын күші салдың қол-аяғына арқан болып байланды, өздерінің көкірегі бітеу, тіршілігі пасық болғандықтан серіні ауру санайды. Анығы, жолайрыққа келіп тіреліп, ендігі бағыт-бағдары беймәлім болып тұрған қоғамның өзі сырқат-тұғын. Бұл Біржандай айрықша жаратылған асыл жандардың жеке басының емес, барша адамзат трагедиясы, бәлкім...
Біржанды сомдаған актер және осы фильмнің қоюшы режиссері Досқан Жолжақсынов өзі де әншілік, серілік әлемінің адамы болғандықтан шығар, әйгілі бабасының ішкі жан-дүниесі мен көңіл-күйін, жалынды сезімінің сыртқа шыққан, тебіреністі, шаттық шағын соншалық сенімді, табиғи түрде жеткізеді. Әсіресе, үлкен мен кіші, қыз бен жігіт, бай мен кедей болсын барша қауымға ортақ құдыретті әндерін орындау кезіндегі ақынның көңілі аспанда шалқып, жұлдызбен жымдасып, ай нұрымен астасып, бірде биік шыңдардың құзар басына ұмтылғандай, біресе сайын даланың төсіне жайылғандай, әлде шалқар көлдің тылсым сыбдырымен ұласқандай балбыраған таңғажайып, әсерлі күйін қапысыз сомдайды. Осы бірегей фильм арқылы Біржан салдың мәңгілік өшпес Ләйлім, Жанбота, Теміртас сынды классикалық әндерінің дүниеге келген әсерлі, ащы тарихын тұла бойыңнан, толқыған жүрегіңнен өткізесің. Әйтпесе, аты ғана айтылып, күнделікті үйреншікті сахналарда орындалып жатқанда, олардың тұңғиық тереңдігіне әркімнің бойлай беруі неғайбыл. Осыдан келіп, ән тарихы деген тақырыптың қазіргі қоғам, әсіресе жас көрермендер үшін қаншалық мәнді, маңызды екенін бағамдауға болады.
Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше демелік, Біржан сал фильмінің кейінгі жылдары отандық киноиндустрия шығарған өзге өнімдерден ерекшелігі көпшілік көрермен үшін шығарылған, сөйлеу мәнері мен интонациясы кәдімгі өмірдің өзіндегідей табиғи - айғайсыз, ұрансыз, аттансыз. Таңдалып алынған актерлардың әрқайсысы өмірдегі өздерін ойнағандай шынайы, таза, түсінікті, сондықтан жаныңа жақын. Бұл арада Ләйлім рөліндегі Айша Матай қарындасымыздың өнердегі зор табысын мойындағанымыз абзал. Бүгінгі қала қызының кешегі бірде ерке әрі көркем, бірде қамаулы һәм қапалы қазақ қызының бейнесіне еркін ене алғанына қуандық.
Біржан сал фильмі әлі де жолайрықта тұрғандай, бейбағдар күй кешкен қазіргі қоғамымыз үшін тағы бір ой саларлық салмақты, тағлымды туынды екендігі даусыз.