Ташкентте кездескен қос елдің ғалымдары латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылады


Бұл Ташкентте бас қосқан екі ел ғалымдарының ортақ пікірі, деп жазды 24.кз. Жаңа әліпби жалпыға ортақ рухани тамырға нәр беріп ғана қоймай, ғасырлардан келе жатқан мәдени, тарихи байланысты нығайтады. Тіпті жаһандану заманында ұлттық ұстанымды сақтап, кейбір сынақтардан сүрінбей өтуге жол ашады. Ағартушылар осылай дейді. Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен кездесуде Қазақстанның латын әліпбиіне көшудегі саяси-әлеуметтік аспектілері талқылады. Жиында Қазақстан республикасы философия, саясаттану және дінтану институтының өкілдері көрші елдің ғалымдарымен өзара тәжірибе алмасты. Өзбекстан осыдан 20 жыл бұрын латын әрпіне көшкен. Мектеп оқулықтары толықтай қайта жазылды. Әдебиет аударылды. Осы аралықта латын әрпін меңгерген жаңа ұрпақ өсіп шықты. Сондықтан олардан үйренеріміз көп дейді ғалымдар. Басқосуда Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі бірлесіп жұмыс атқаратын ғылыми комиссия құруды ұсынды. Яғни ортақ әліпби нобайы мен оқулықтар әдебиет жазу мәселесі көтерілді. Екі елдің ғалымдары,, ұлттық құндылықты сақтай отырып түркілік тұтастықтың рухани тамырын тереңдетуге ат салыспақ. Аманжол Мейірманов, Қазақстан республикасы философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері: - Жаһандану заманында біз тек қана сол Түркілік тұтастығымызды сақтау арқылы кейбір қайшылықтарға төтеп беруге мүмкіндігіміз бар. Бұл тек сол рухани тұтастыққа қызмет етуі керек. Әр ұлттың өзінің ерекшеліктерін ескере отырып, бірақ белгілі бір ортақ әліпбиі болуы керек. Ал,кейбір әріптер өз ерекшеліктерін сақтауы керек шығар, бірақ көбінесе негізгі дыбысталатын әріптердің ортақ болғаны дұрыс. Себебі ол жақындата түседі біздерді. Саодат Мухамедова, Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор: - Бастапқы жылдары бізде өте көп қиындық болды. Кедергілерді ел болып еңсеріп, өзгелердің тәжірибесімен бөлісу арқылы жеңіп шықтық. Латын тіліндегі оқулықтар, методиканы, әлем әдебиетін қайта жазуға тура келді. Кездесуде осы тұрғыда өзара жинақтаған тәжірибемізбен алмастық. Алда қазақстандық ғалымдармен бірлесіп оқулықтар, ортақ мақалалар жазу көтерілді. Қазақ ғалымдарының Өзбекстанға, тиісінше біздің ғалымдардың қазақстанға барып тәжірибе алмасу жөніндегі ортақ келісімге келдік.