Ташкентте өткен келіссөздерде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығын білгілеуге қатысты жұмыс бабындағы мәселелер талқыланды

Комиссия мүшелері елдімекендер аумағы арқылы өтетін мемлекеттік шекара сызығын көзбе-көз көріп қайту үшін Сарыағаш ауданында болды.

Наурыз айының орта шенінде келіссөздер қайтадан жалғасып, комиссия мүшелері бұл жолы ауылдар арқылы өтетін шекара сызығының ерекшелігін бағамдау үшін Мақтаарал ауданына барады.
Қазақстанның үкіметтік комиссиясын ҚР СІМ-нің төтенше тапсырмалар жөніндегі елшісі Марат Атанов, ал Өзбекстандық комиссияны ӨР жер ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Александр Страдзе басқарады.
Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығын картада белгілеу жұмысы екі кезеңмен жүзеге асырылған. Бірінші кезеңде екі ел арсындағы шекара шегінің 96 проценті белгіленді. Бұл жайындағы келісімге екі мемлекет басшысы 2001-жылдың 16-қарашасында Астанада қол қойды. Сондай-ақ, қалған үш учаске бойынша мемлекеттік шекара сызығы айқындалып, мемлекеттік келіссөздер 2002-жылы аяқталды. 2002-жылдың 9-қыркүйегінде екі мемлекет басшысы Астанада "Қазақ-Өзбек мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімді бекіту туралы" заңға қол қойды. Бұл келісім бойынша екі мемлекет арсындағы шекара сызығы өтетін үш учаске, атап айтсақ, Бағыс және Туркестанец елді мекендері және Арнасай су қоймасы мен оның іргесіндегі аумақтар, сондай-ақ, Нысан-1, Нысан-2 және Баймұрат елді мекендері учаскесі арқылы өтетіндігі айқындалған.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығын белгілеу "Қазақ және Өзбек ССР-і арасындағы әкімшілік-аумақтық шекара" мен оның қалай өтетінін реттейтін нормативтік актілерді, сондай-ақ, өзара келісілген картографиялық материалдарды арқау ете отырып айқындалды.
Сөйтіп, екі мемлекет арасындағы 2 159 шақырымдық мемлекеттік шекара сызығын белгілеу шарасы заңдық тұрғыда рәсімделді.
Мемлекеттік шекара сызығын демаркациялау жөніндегі келіссөздердің басталуы нәтижесінде мемлекеттік шекараны айқындап алудың екінші кезеңі басталып, елдімекендер арқылы өтетін шекара сызығы нақтылана бастады.