Caravan.kz медиа порталы су тасқынының салдары неге қауіпті екенін түсіндіреді.
Су тасқыны кезінде жұқпалы ауруларды тудыратын қолайсыз эпидемиологиялық жағдайлар дамуы мүмкін. Ластанған суды тұтыну арқылы гепатиттер, тырысқақ, іш сүзегі, паратифтер, дизентерия, лептоспироз, туляремия (ауыз судың кеміргіштер секрециясымен ластануы), бруцеллез, сальмонеллез сияқты көптеген аурулардың дамуына әкелуі мүмкін.
Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында 3702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағы, 1822 саяжай үйі және әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат, сондай-ақ 155 автожолды су басты. Төтенше жағдайлар министрлігі сайтында жаңа мәліметтерді жарияланды.
72 284 адам, оның ішінде 17 217 бала құтқарылып, эвакуацияланды, уақытша орналастыру пункттерінде 14 430 адам, оның ішінде 7 216 бала жеткізілді, 68 932 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз қашықтыққа айдалды", - делінген хабарда.
88 автожол шайылды, оның ішінде 4 көпір және 83 жол төсемі бақылауда. 61 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр.
Қазақстан президенті өз сөзінде зардап шеккен өңірлерде әкімдіктер мен мыңдаған ерікті жұмыс істеп жүргенін айтты. Тоқаевтың сөзінше, қазіргі су тасқыны – Қазақстандағы 80 жылдағы ең ауқымды су тасқыны.
"Біз қиындықты еңсереміз, бәрін қалпына келтіреміз. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарымызға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Материалдық шығындарды өтейміз", - деді президент.
Ел басшысы су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына мемлекет материалдық шығындарды өтеп беретініне сендірді.
Көктемгі тасқын – жыл сайын қайталанатын проблема. Алайда биылғы апат өте күрделі. Оның салдары мен зияны көпке дейін қалуы мүмкін.
Тасқын судың инфекция тарату қатері бар. Адамдардың бір жерден екінші жерге көшуі, малдың қырылуы инфекцияның таралуына әкеледі. Судың өзі қауіп көзіне айналады, өйткені түрлі заттар, химикаттар мен қалдықтар қалқып шығады, соның ішінде инфекция да бар. Су аққанда су қоймалары мен жерасты суы, соның ішінде ауыз су көзі қалдық, мал мен аңның нәжісі, түрлі инфекция таситын кеміргіштердің қалдығымен ластануы мүмкін. Сонымен қатар су үйге кіреді, азық-түлік пен тұрмыста пайдаланатын заттарды бүлдіреді.
Екінші басты қауіп – ішек инфекциясы. А және Е гепатиті секілді ішек инфекциялары, сондай-ақ іш сүзегі, паратиф, дизентерия секілді бактериялық агенттер.
Денсаулық сақтау министрлігі су тасқыны басталғаннан бері 4000-аса су сынамасын тексердік деп отыр. Сонда гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін 133 сынама анықталған. Демек қазір халықты жаппай хабарландыру керек. Себебі Төтенше жағдайлар министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан су тасқынының зияны мен инфекция қатері туралы ақпарат өте аз.
Дәлел ретінде бірнеше фактілерге тоқталайық.
2010 жылы бір аптадан бері толастамай жауған жауыннан Пәкістанда өзендер тасып, 1,5 миллионға жуық адам зардап шекті. 1100-ден астам адам қаза тапты. Тасқыннан кейін тырысқақ және іш өту ауруы өршіген. Кәріз жүйелерінен су басу және қалдықтардың жиналуынан судың ластануы бұл инфекциялардың тез тарауына ықпал етті.
2007 жылы Бангладеште жауын салдарынан су тасқыны жүрді. 100-ден астам адамның өмірін қиды. Сол кездегі тасқыннан кейін ауызсу ластанып, тырысқақ ауруы өршіді. 1000-нан аса адам ауырып, қайтыс болған.
Мұндай жағдайларда тұрғындарға су тасқыны кезеңінде аурудың алдын алудың қарапайым және тиімді шараларын сақтау қажеттігін ескертеміз:
1) ауыз су ретінде тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз;
2) тамақ өнімдерін сақтау және дайындау қағидаларын сақтау;
3) термиялық өңделген тағамдарды тұтыну;
4) жеке гигиена ережелерін ұстану, оның ішінде кішкентай балаларға күтім жасау кезінде сақтау міндетті.
5) көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен мұқият өңдеңіз;
6) тұрғын үй-жайларды және үйдің жанындағы аумақты міндетті түрде таза ұстау.
Жедел инфекциялық аурудың белгілері пайда болған жағдайда, дене температурасының жоғарылауы, құсу, сұйық нәжіс пайда болуы және т.б., дереу медициналық көмекке жүгініңіз.