Тасқыннан зардап шеккен Атбасар тұрғындарының барлығына баспана берілмейді

Бұрынғы механикалық колледждің мына қос қабатты ғимаратында қазір 13 отбасы тұрып жатыр. Барлығының баспанасы судан опырылып құлап, шаңырақтары ортасына түскен. Қазір әрқайсысына бір-бір оқу кабинеті беріліпті. 5-6 адам осында ұйықтап, осында тамақтануда.

Айман Құлахметова, Атбасар қаласының тұрғыны:

-Бәріміз 5 адамбыз, бір бөлмеде тұру оңай емес қой. Тамағымызды сол жерде істейміз.Оңай емес, ауырып сол суықтар шығып жатыр.

Тар жерде тұрып жатса да, олар бұл баспананың уақытша екенін біледі. Ал апатты жағдайдағы үйде дүние-мүлкін қимай көшпей қалғандар да бар. Олар дымқыл дүниесін кептіріп, қолдан келгенше жөндеу жүргізіп жатыр. Көпшілігі әкімдіктің көмегін күтіп жүр.

-Жоқ әлі ештеңе айтқан жоқ бізге. Өзімізше ойлап отырмыз материал берсе, салып аламыз. Мыналар бәрі көгеріп жатыр. 

Топан су Атбасарды сәуір айында басқан. Қаланың жартысы белуардан су кешіп жүруге мәжбүр болды. Табиғаттың сол тосын мінезінен Атбасар маңындағы 3 ауылдың тұрғындары да зардап шекті. 200-дей баспана мүлдем құлап қалған-ды. Қазір 90 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазығы кеше ғана қағылған жаңа үйлер қыс түскенше тапсырылуы тиіс.


-Әр үйде 45 пәтерден болады. Үйді жоспар бойынша қыркүйектің 1-не қарай тапсыруымыз керек.

Атбасарда бұдан басқа бұрынғы медицина училищесінің ғимараты да қайта жөнделіп жатыр. Онда 29 пәтер болады. Зардап шеккен тұрғындар жаңа үйлердің салынып бітуін күн санап күтіп жүр. Бірақ, жаңа пәтер - баспанасы мүлдем жарамсыз болғандарға ғана беріледі. Басқа 340 отбасыға әкімдік жөндеу жұмыстарына қараспақ.

Жомарт Нүркенов, Атбасар ауданының әкімі:

-Құрылыс сараптамалар аяғына келіп жатыр.Бүгін ертең толығымен эксперттер бізге Атбасар бойынша қағаздарын береді. Содан кейін зардап шеккен адамдарға әр үйдің қандай жағдайы бар, эксперттер қандай тұжырымдама берді соның бәрін айтып қанша ақшалай көмек болатынын сонда айтамыз.

Атбасарды су басқанда ел болып көмек қолын созған. Азық-түлікті есептемегенде сол кезде 68 миллион теңге жиналған екен. Аудан басшылығы бұл қаржы да тұрғындарға теңдей бөлінді деп сендіріп отыр.